Алматыда электросамокат мінген екі қызды автобус қағып кетті. Зардап шеккен жасөспірімдер жаяу жолақтан өтіп бара жатқан. Оқиға Алмалы ауданындағы Мақатаев пен Уәлиханов көшелерінің қиылысында болған . 2008 жылы туған қыздар түрлі дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Олардың жағдайы жақсы, — дейді дәрігерлер. Қалалық полиция оқиғаның мән-жайын анықтап жатқанын хабарлады. Қазір тәртіп сақшылары самокат айдағандарға бақылауды күшейтіп, түсіндіру жұмыстарын қолға алды.

Тимур Ноғайбаев, қалалық ПД басқарма басшысының орынбасары:

Күнделікті полиция қызметкерлерімен самокат жүргізушілерімен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Самокаттарды құқық бұзушылық жасағандарды жауапкершілікке тартып, айып тұрағына қойып жатырмыз. Бүгінгі күнде 165 самокат айып тұрағында тұр.

Айта кетсек, екі күн бұрын самокаттың қатысуымен тағы бір оқиға орын алған еді. Самокатпен жүйткіп келе жатқан екі жасөспірім жаяу жүргіншілер жолында келе жатқан отбасын елемей, ішінде сәби жатқан арбаға барып соғылған. Абырой болғанда, сәби зардап шеккен жоқ. Полиция Департаменті жасөспірімдерді дереу анықтап, ата-аналарымен бірге әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Қуан Нұрақын