26-30 мамыр аралығында Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясында «Филармония жас суретшілер көзімен » атты пленэрлік жұмыстардың көрмесі өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Іс-шара Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен филармонияның 90 жылдық мерейтойына орай жас суретшілердің өнерін насихаттау мақсатында ұйымдастырылды.
Көрмеге Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мектеп-интернат, колледжі және О. Таңсықбаев атындағы Алматы сәндік-қолданбалы өнер колледждерінің студенттері қатысты. Олар ғасырға жуық тарихы бар филармония ғимаратының іші мен сыртқы көрінісін өзіндік көзқараспен бейнеледі. Жас суретшілердің салған туындылары филармония фойесіне қойылды, — делінген министрлік мәліметінде.
«Филармония жас суретшілер көзімен» жобасы – мәдениет пен өнер саласындағы ұрпақтар сабақтастығын нығайтудың және жас дарындарды қолдаудың айқын көрінісі. Ұлттық мәдениетімізді ұлықтап, ұрпаққа ұлттық құндылықтарды насихаттау жолында қара шаңырақта әлі де игі бастамалар жалғасын табады.