Қазақстандық өнерпаздар Ташкентте өткен тұңғыш халықаралық фестивальдің жеңімпазы атанды, деп хабарлайды 24KZ. Сайысқа алыс-жақын шет елдерден жекелей және командалық би ансамбльдері қатысты. Ал Ақтау қаласындағы Абай атындағы мәдениет үйінің тәрбиленушісі Әсел Садықова екі номинация бойынша гран-при жүлдесін еншіледі.

Әсел Садықова Ташкенттегі тұңғыш конкурста екі номинация бойынша бағын сынап көрді. Би мен сұлулар байқауында топ жаруды армандайды. Сайысқа қазақстанның үш облысынан би командалары келді. Жекелей қатысып жатқан өнерпаздар да бар.

Әсел Садықова, «Alanga» халықаралық байқауының жеңімпазы:

- «Alanga» байқауы – бұл мен үшін екінші конкурс. Бірінші байқауым Дубайда болды. Мен ол жерде бірінші орын алдым. Елдің атынан шығу өте қиын. Себебі сен өз еліңді бәріне көрсетуің керек.

Сайыстың финалдық бөлімінде қатысушылар ұлттық киіммен сахнаға шығып, өнер көрсетті. Бұл номинацияда көп ұпай жинағаны жеңімпаз атануға бір табан жақындай түспек. Себебі конкурстың көздегені де сол – әр халықтың ұлттық брендін насихаттау.

Юлия Арестова, «Колибри» арт-студиясының көркемдік жетекшісі:

- Шетелдегі конкурстарда біз елдің атынан шығамыз. Сондықтан жауапкершіліктің жүгі ауыр. Біз Қазақстанның беделін көтеру үшін күш саламыз. Ұлттық киімдерімізді киіп, шашбау, шекелік сияқты әшекейлерімізді тағып, көпшілікке көрсетеміз. Өз киім брендіміз бар. Соларды әлемдік сахналарда таныстырамыз. Жалпы халықаралық байқауларда ұлттық киім көрсетіліміне деген көзқарас өте жоғары.

Ұйымдастырушылар қазақ балаларының өнерін ғана емес, қарапайым адами қасиеттерін де жоғары бағалайды. «Олар өте кішіпейіл, бауырмал, ал сахнадағы қиымылдары кәсіби әртістерден кем емес», – дейді.

Милана Зингерман, конкурс ұйымдастырушысы:

- Қазақстаннан келген балалар өте өнерлі болады. Адамдармен тез тіл табысады, қонақжайлық қасиеттері тағы бар. Шетелдіктермен достасып, әлеуметтік желі арқылы араласып жатқандарына куә болдым. Сондықтан Қазақстан делегацияларын қуана қарсы аламыз. Бастысы олар осындай сайыстарға үлкен дайындықпен келеді.

Үш күнге созылған халықаралық фестивальдің қортындысын жарияланды. Қазақстандық би ұжымдары командалық есепте бірінші орынға ие болды. Ал жекелей сайыста 4 өнерпаз алтынннан алқа тақса, Әсел Садықова екі бірдей номинацияның гран-при иегері атанды.

Авторы: Дулат Нуркин