Жоба аясында дәрілік заттардың 74 түрін өндіру жоспарланып отыр.
Үкімет Денсаулық сақтау министрлігі мен "Қарағанды фармацевтикалық кешені" ЖШС арасындағы өндірістік қуаттарды салу және жаңғырту жобасы бойынша инвестициялар туралы келісімді мақұлдады. Тиісті қаулыға премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
Жеке инвестициялардың жалпы көлемі 42,5 млрд теңгені құрайды. Жоба саладағы ірі инвестициялық бастамалардың біріне айналады және фармацевтикалық өндірісті локализациялауды тереңдетуге, сондай-ақ жоғары технологиялық өндірістік қуаттарды дамытуға бағытталған.
Жоба аясында дәрілік заттардың 74 атауын өндіру жоспарланып отыр. Өндірістік желі медицинаның маңызды бағыттарын, оның ішінде, онкологиялық, аутоиммунды және орфандық ауруларды емдеуге арналған инновациялық дәрілік препараттарды қамтиды. Зауыт әлеуметтік маңызы бар аурулардың алдын алу мен емдеуге қажетті иммунобиологиялық және басқа да жоғары технологиялық препараттарды өндірумен қатар, әлемдік стандарттар бойынша белсенді фармацевтикалық ингредиенттердің, биологиялық және биотехнологиялық өнімдердің синтедеуді жолға қояды. Бұл фармацевтика саласын дамытудың мемлекеттік басымдықтарына сәйкес келеді.
Жобаны жүзеге асыру еліміздің дәрілік қауіпсіздігін нығайтуға және Қарағандыда 70-ке жуық жаңа жұмыс орнын аша отырып, заманауи фармацевтикалық өндірістік инфрақұрылымды қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Оқи отырыңыз:
- 3,7 млрд теңге жымқырды: фармацевтика саласындағы ірі алаяқтық схемасы ашылды
Қазақстанда арзан дәрілердің бағасы енді нарықпен реттеледі