Бөлімдер
Жаңалықтар

Ақтау әуежайында 114 есірткі капсуласын жұтып алған шетел азаматы ұсталды

Астана әуежайында 12 келі гашиш майымен жолаушы ұсталды.

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстанда есірткі жеткізу арналарына қарсы ауқымды операция жүргізілгенін хабарлады.

Ведомство мәліметінше, биыл сәуір айынан бері 9 халықаралық және екі өңірлік есірткі арнасы жойылып, бір фитозертхананың қызметі тоқтатылған.

“Ақтау қаласының әуежайында шетелдік азаматтың денесіне жасырып өткізбек болған жалпы салмағы 1 келі болатын 114 апиын капсуласы тәркіленді. Ал Астана әуежайында Оңтүстік Азия елдерінің бірінен 12 келі гашиш майын алып келген қазақстандық ұсталған”, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар құқық қорғау органдары “көкнәр сабанын” контрабандалық жолмен тасымалдап, оны тарату және есірткі өндірумен айналысты деген күдікке ілінген ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты.

ҰҚК мәліметінше, операция барысында:

  • 3,4 кг апиын;
  • 9 кг гашиш;
  • 11,4 кг синтетикалық есірткі;
  • 18,5 кг гашиш майы;
  • 26,4 кг марихуана;
  • 110 грамм кокаин;
  • 20 тонна көкнәр сабаны;
  • 150 литрден астам прекурсор тәркіленген.

Аталған құқық бұзушылықтарға қатысы бар деген күдікпен 23 қазақстандық және үш шетел азаматы ұсталды. Қазіргі уақытта барлық дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.


Оқи отырыңыз: Семей тұрғыны гаражын есірткі қоймасына айналдырған: ІІМ 154 келі марихуана тәркіледі