Бөлімдер
Жаңалықтар

Астана, Алматы және Шымкент тұрғындарын жазға дейін қандай ауа райы күтіп тұр

Елдің үш ірі қаласы бойынша мамыр айының соңына арналған ауа райы болжамы жарияланды. Астана мен Алматыға жаз баяу келіп жатса, Шымкентте нағыз жазғы ауа райы орнайды: ауа температурасы +25+27°C-қа дейін көтеріледі, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мамандардың мәліметінше, ел бойынша ауа райы құбылмалы: жаңбыр жауып, найзағай ойнайды, жел күшейеді, кей жерлерде бұршақ пен дауыл болуы мүмкін.

“Синоптикалық жағдайға солтүстік-батыс циклоны мен онымен байланысты атмосфералық фронттар әсер етеді. Елдің батысы мен солтүстік-батысында қатты жаңбыр жауады. Ал 28-29 мамыр күндері жауын-шашын Қазақстанның солтүстігін, шығысын, орталығын, оңтүстігін және оңтүстік-шығысын қамтиды”, – делінген болжамда.

28 мамыр күні Астана тұрғындарына жаңбырлы әрі желді ауа райына дайын болуға тура келеді. Елордада найзағай ойнап, екпінді жел соғады, күндіз бұршақ жаууы мүмкін. Ауа температурасы түнде +15+17°С, күндіз +19+21°С болады.

Алматыда да синоптиктер жаңбыр мен найзағай болатынын болжады. Ауа райы құбылмалы болып, кей уақытта жел күшейеді. Түнде ауа температурасы +14+16°С, күндіз +23+25°С-қа дейін жетеді.

Шымкентте күн жылырақ болады, дегенмен жауын-шашынсыз өтпейді. Түнде және таңертең жаңбыр жауып, найзағай ойнап, дауылды жел тұрады. Ауа температурасы түнде +15+17°С, күндіз +25+27°С болады.

Сонымен қатар синоптиктер мамыр айының соңына қарай елдің оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында ауа температурасы біртіндеп көтеріліп, кей жерлерде +38 градусқа дейін жететінін атап өтті.