Шымкентте кішкентай қызды зорламақ болған ер адам сотталды. 56 жастағы азаматқа бұған дейін бұл әрекеті үшін тек айыппұл салынған. Алайда іс қайта тергеліп, бүгін сотталушының қолына кісен салынды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сәуірде болған сұмдық оқиғаның соңғы нүктесі қойылды. Елуді еңсерген азамат 3-сынып оқушысын аңдып, артынша тиісе бастайды. Арам ойын жүзеге асыруға оқталғанда, 8 жастағы қыз көршілерін көмекке шақырыпты. Содан кейін күдікті кетіп қалған. Екінші сатылы сотта сотталушы 7,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Зардап шеккендерге 3 млн теңге өндірілетін болды. Ал оның артында қалған балалары мемлекет қарауына берілді.
"Қарауындағы кәмелетке толмаған балалар туысқандарын тұрғылықты жерін анықтап беру үшін Шымкент қаласы Білім басқармасының қарауына беріледі. Педагогика және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдармен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", – деді судья Болат Қарабаев.
Сұмдық оқиғадан кейін қыздың отбасы басқа үйге қоныс аударған. Ал анасы Фируза Садықованың айтуынша, бастауыш сынып оқушысы қатты қорқып қалған және психологиялық жағдайы әлі де мамандардың бақылауында екен.
"Қызымның қазіргі жағдайы тұрақты, бірақ ер адамдардан қорқып қалған, 10 жастағы баладан қорқады. Көшеге әпшесімен бірге шығады. Біз көшіп кеттік, қазір басқа жақта тұрып жатырмыз, мектебін ауыстырдық", – деді жәбірленушінің анасы Фируза Садықова.
Еске салсақ, алғашқы сот отырысында күдікті қатаң жазаға тартылмай, бар болғаны 147 мың теңге айыппұлмен құтылған. Бұған жәбірленуші тарап келіспей, істі қайта тергеуді сұраған.
"Оқталған, бейнеде артынан қалмай жүргені және шалбарының замогын шешкені нақты көрінеді. Ол кішкентай қыздың жауабында да бар. "Замоктың дауысын естіп, қаштым деп жауап берген", – деді жәбірленушінің адвокаты Есбол Әбдірахманов.
Енді жәбірленуші тарап қылмыстық істі әу баста дұрыс тергемеген полицейлердің әрекетін зерделеуді талап етіп отыр. Адвокат құқық қорғау органдарының үстінен шағым түсіретінін айтты.
Мәтіннен қате тапсаңыз,бізге жазыңыз
Дереккөз: Nur.kz · Айтолқын Адырбай




