Бөлімдер
Пікір

“Жауапсыздық, салғырттық, көзбояушылық”: Тоқаев Каспийде болған трагедияға қатаң баға берді

“Жауапсыздық, салғырттық, көзбояушылық”: Тоқаев Каспийде болған трагедияға қатаң баға берді

Президент – Қазақстан Республикасы Қарулы rүштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс ведомствосының басшылық құрамымен кеңес өткізді, деп хабарлады KAZ.NUR.KZ Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы болған оқиғаға қатаң баға берді

"Мен қаза болған әрбір әскери қызметшінің ата-анасына көңіл айтып, арнайы жеделхатымды жолдадым. Қайтыс болған азаматтардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсетіледі. Олардың ешқайсысы қолдаусыз, көмексіз қалмайды", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің айтуынша, бейбіт күнде сарбаздардың өмірін жалмаған бұл қайғылы жағдайға бірінші кезекте офицерлердің, соның ішінде генералдардың салғырттығы және кәсіби біліксіздігі себеп болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқиғаның мән-жайын ғана емес, мұндай оқу-жаттығуды жоспарлауға не түрткі болғанын және қойылған міндеттің қазіргі қауіп-қатерлерге қаншалықты сай келетінін анықтауды талап етті.

"Қарулы Күштер басшылығы қордаланған түйткілдерді жылдар бойы шеше алмай келеді. Бұл еліміздің қорғаныс қабілетіне нұқсан келтіреді. Өткен қайғылы оқиғалардан сабақ алмадыңыздар. Аталған оқу-жаттығу жиынының мәні де, мақсаты да түсініксіз. Оны кім әзірлеп, бекітті? Бас штабтың рөлі қандай? Үйлестіру жұмыстарына неге мән бермеген?

Неліктен оқу-жаттығу жиынында Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы болмаған? Жауапсыздық, салғырттық, көзбояушылық белең алған. Жүйелі жұмыс жоқ. Дағдарыс жағдайындағы іс-қимыл жоспары сын көтермейді. Мұның бәрі – әскери ведомство басшылығының немқұрайдылығының салдары", – деді мемлекет басшысы.

Президент оқу-жаттығу жиынына қатысқан әскери қызметшілер тиісті жабдықтармен, соның ішінде арнайы құтқару кеудешелерімен қамтамасыз етілмегенін айтты

Мемлекет басшысы жеке құрамның қауіпсіздігіне айрықша назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, үкіметтік комиссия оқу-жаттығуды әзірлеу мен өткізуге, әскерді қажетті жабдықтармен қамтамасыз етуге және қауіпсіздік талаптардың сақталуына жауапты барлық лауазымды тұлғаның әрекетіне баға беруге тиіс.

Бұдан бөлек, президенттің өкіміне сәйкес Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру басталды.

Тексеру барысында әскери қызметті ұйымдастыру, әскерді жабдықтау, сондай-ақ оның материалдық және қаржылық тұрғыдан қамтамасыз етілуі жан-жақты зерделенеді.

Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева басқаратын комиссия жүйелі сипат алған заң бұзушылықтарды анықтап, кімдердің жауапқа тартылатынын айқындауы қажет.

Мемлекет басшысы әскери қызметшілер лауазымына, шеніне қарамастан жауапқа тартылатынын, заң бойынша қатаң жазасын алатынын ескертті. Аталған мәселе президенттің жеке бақылауында.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз

Дереккөз: Nur.kz · Жұлдыз Кенжегалиева