ҚМА-ның Ұлытау облысы бойынша департаменті прокуратураның үйлестіруімен Қаражал қаласындағы "Шығыс" карьері аумағында марганец кенін заңсыз өндірумен айналысты деп күдікке ілінген топтың қызметіне тосқауыл қойды, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ҚМА-ға сілтеме жасап.
Қаржылық мониторинг агенттігінің Telegram-дағы арнасында хабарланғандай, күдіктілер заңсыз кен өндіру үшін ауыр карьер техникасын — экскаваторлар, тиегіштер мен самосвалдарды пайдаланған.
"Карьер аумағында өндірістік база жабдықталып, онда өндірілген шикізат ұсақтау-жуу кешені арқылы өңделген. Кейін кен жүк автокөліктерімен тиісті құжаттарды пайдалана отырып, ел аумағынан тыс жерге шығарылған.
Нәтижесінде сатылған марганец кенінің көлемі 4 мың текше метрден асып, оның құны 950 млн теңгеден асады", – делінген хабарламада.
Тергеу жалғасып жатыр.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз
Дереккөз: Nur.kz · Эльмира Асқарқызы




