Танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың екінші әйелі Айман Талғатқызы өнер иесінің туған жері Оралда оған лайықты құрмет көрсетілмегеніне ренішін білдірді, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Айман Талғатқызының айтуынша, Тұрсынбек Қабатовтың сахнадағы шығармашылық жолына биыл 26 жыл болған. Осы уақыт ішінде әзілкеш көрерменнің ықыласына бөленіп, түрлі өңірлерде құрмет көрсетіліп, ат мінгізіп, шапан жапқан жағдайлар болған.
Алайда оның сөзінше, туған қаласы Оралда өнер иесінің 20-25 жылдық шығармашылық жолына орай арнайы құрмет көрсетілмеген.
«Бірақ өзінің туған жері Орал қаласы бір құрмет танытып, “20-25 жыл” деп концерт беріп жатқанда, ат мінгізіп, шапан жаппақ түгілі, бір парақ құттықтау қағазын беруге жарамағаны жанына батады», – деді ол.
Айман Талғатқызы Тұрсынбек Қабатовтың туған жеріне бейжай қарамайтынын да атап өтті. Оның айтуынша, әзілкеш Оралдан шыққан өнер адамдары мен жастарға қолдау көрсетіп, қала күні сияқты шараларға үнемі атсалысып келеді.
«Қаншама Оралдан шыққан әртістерге, жастарға қол ұшын созып, қала күні дегенде ұшып барады. Көмектесіп, бір бүйірі бұрып тұрады. “Оралым” деп ән жазып, жүрген жерінде айтып жүреді. Бірақ солай», – деп жазды ол.
Сондай-ақ әзілкештің әйелі оның өнердегі еңбегін отбасылық жағдайымен байланыстырып бағаламауға шақырды.
«Құрметтілер, өнер мен отбасыны салыстырмаңыздар! Өнер жолын 26 жыл үзбей, тынбай еңбек етіп жүрген жандар көп емес», – деді Айман Талғатқызы.
Ол әлеуметтік желідегі кейбір пікірлерге де жауап берді. Желі қолданушыларының бірі отбасыдағы өзгерістерден кейін Тұрсынбек Қабатовтың туған жері оған деген көзқарасын өзгерткен болуы мүмкін деген пікір айтқан.
«Кейбіреулері “ажырасқасын туған жері ұнатпай қалған шығар” деп жазыпты. Ал құрметтесе, ажыраспай тұрып-ақ көрсетпей ме сол құрметтерін?» – деп жазды ол.
Дереккөз: Skif News · Назым Сапар




