Белгілі әнші Роза Рымбаеваның марқұм күйеуі Тасқын Оқаповтың ұлы Әли Оқаповпен бірге түскен суреті жарияланды, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
Әкесімен бірге түскен суретін әнші Әли Оқапов желідегі парақшасында жариялады.
«Кейбір сапарлар болады, олар жай ғана саяхат емес, жүрегіңе жақын естеліктерге қайта оралу сияқты… Мен Дубайға дәл осы ұлымның жасында әкеммен бірге келгенмін. Сол сапар әлі күнге дейін есімде. Әкемнің жанымда болғаны, бірге өткізген сәттеріміз… Бала кезімдегі сол естеліктер жадымда анық сақталыпты. Ал бүгін мен өз ұлыммен Дубайға қайта келдім. Ең қызығы – ұлым сол кезде мен қандай жаста болсам, қазір дәл сол жаста. Оған қарап отырып, кейде өзімді кішкентай бала кезімде көргендей боламын. Бір кездері әкемнің жанында жүрген бала едім, ал бүгін өзім әкемін», – дейді Әли Оқапов.
Ол сөзін жалғай отырып, уақыттың қалай тез өтетінін осындай сәттерде ерекше сезінетінін тілге тиек етті.
«Кезінде әкеммен бірге жинаған естеліктерімнің енді ұлыммен жалғасып жатқаны – мен үшін баға жетпес сезім. Бәлкім, ол бұл сапарды қазір толық есінде сақтамас, бірақ бір күні осы суреттерге қарап, өзінің де осындай әдемі балалық шағы болғанын сезінсе екен деймін. Әкеден балаға жалғасатын сәттер бар. Бүгін соның бірін өз жүрегіммен сезініп жүрмін», – дейді әнші.
Дереккөз: Skif News · Лунара Арынбек




