Бөлімдер
Негізгі

Жаман ауруды жедел анықтайтын тәсіл табылды

Жаман ауруды жедел анықтайтын тәсіл табылды

Жамбыл облысында онкологиялық ауруларды анықтауға арналған экспресс-гистология іске қосылды , деп хабарлайды Egemen.kz.

​Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі таратқан мәліметке сенсек, көпбейінді онкология және хирургия орталығы аты жаман аурумен күрестің жаңа сатысына көшіп отыр.

​Орталықта жылына 800-ден астам ота жасалады. Бұрын пациентке медициналық сараптау қорытындысын қою үшін оның гистологиялық талдауы Алматы және Астана қалаларына жіберіліп, қорытындысын күту үшін 2-3 апта уақыт кететін. Гистологиялық зерттеу нәтижесі келмейінше, науқасқа ем тағайындау да мүмкін емес еді. Енді сол олқылықтың орны толтырылды.

​Мамандардың айтуынша, экспресс-гистология – ота кезінде алынған тін үлгісін жедел түрде мұздатып, микроскоппен зерттеуге мүмкіндік беретін заманауи әдіс. Ол небәрі 15-20 минут ішінде нәтижені анықтап, операция барысына дереу өзгеріс енгізуге жағдай жасайды. Мұндай технология хирургияның дәлдігін арттырып қана қоймай, емнің тиімді стратегиясын таңдауға мүмкіндік береді.

​

Орталық мамандарының әдісті меңгеру бойынша біліктіліктері жетілдіріліп, тәжірибе алмасулардан өтті. Алдағы уақытта онкологиялық ауруларды 15-20 минутта анықтайтын әдістің арқасында бұл дертті емдеуге тиімділік те жоғарыламақ.

​​​​​​​​​

Жамбыл облысы