Орал қаласындағы «Ақжайық» шағын ауданында бүгін кәріз сорғы станциясының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді, деп хабарлайды 24kz.

Жаңа ықшам ауданда бүгінгі күнге 8 үй бой көтерсе, келешекте тағы 76 көп пәтерлі тұрғын үй, 3 мектеп, 3 балабақша, 3 аурухана мен емхана салу көзделген.

Шаһардың бас жоспарына сәйкес «Ақжайық» шағын ауданында болашақта 50 мың тұрғын өмір сүрмек. Бүгін жаңа ықшам ауданның қалыпты тірлігіне қажетті соңғы коммуналдық нысан тапсырылды. Кәріз станциясы сағатына 1600 текше метр қалдық суды айдайтын қуатты сорғылармен жарақтанған.

Мүсілім Талғат, «Батыс су арнасы» ЖШС учаске бастығы:

- Бұл насос станциясында 4 насос қаралған. 4 насостың бәрі автоматты түрде жұмыс істейді. Бұл кәріз суына келетін тазартып майдалайтын құрылғылар аппараттар да орнатқан. Мына «задвижка» дейді ғой, крандарының бәрі автоматтандырылған. Автоматпен өзі қосылады, ажыратылады.

Орал қаласында тозығы жеткен инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асуда. Қазіргі таңда 28 мың абонентке қызмет көрсететін №21 кәріз станциясы жаңғыртылуда. Ол жұмыстарға 340 млн теңге бөлінген. Ал №18 кәріздік сорғы станциясының реконструкциясына 1,8 млрд теңге қаржы қаралған. Бұл жыл соңына дейін қаладағы 7 негізгі кәріз стансасының 5-еуі жаңармақ.

Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:

- 60, 70, 90-жылдары салынған кәріз сорғы станцияларының бәрін қайтадан реконструкция жасап, қайтадан салатынын қайта салып жатырмыз. Биыл тағы екі КСС қосамыз. №18 бен 21 КСС. Осы амандық болса, жыл аяғына дейін тапсыратын боламыз. Соның бәрі не үшін жасалып жатыр? Біріншіден, қала халқының, тұрғындардың қауіпсіздігі, кәріз болсын жылу желісі болсын, су болсын, алаңдамайтын жағдайға жасап жатырмыз.

Сонымен қатар биыл қалаға Дариян ауылынан келетін 15 шақырымдық ауызсу құбыры да жаңартылады.

«Бұның барлығы энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаурашылығын кешенді жаңғырту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша атқарылуда», — деп атап өтті аймақ басшысы.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б.Жарылғасов, Э.Аюпов