Елімізде 300-ге жуық жалған кәсіпкерлік субъект анықталған. Мемлекеттік қолдауды алып, іс жүзінде іс бітірмейтіндерге қарсы қалай күресуге болады? Биыл күзде іске қосылатын отандық тауар өндірушілерінің тізілімі мәселені шеше ме? Реестрдің артықшылары мен талаптары туралы және бүгін Үкімет отырысында айтылған салаға қатысты жаңалықтарды әріптесім Нұрсұлтан Тілектес рет-ретімен баяндайды.
Тауар өндіруші ретінде тіркеліп, іс жүзінде ештеңе өндірмеген, өңдемеген жалған кәсіпорындардың саны елімізде 300-ге жуықтайды. Бұл анықталғаны ғана. Біз білмейтін, көзге ілікпегені қаншама?!
Айдар Қожахметов, «Qazindustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
Ресми статистикаға жүгінсек өңдеу өнеркәсібінде 21 мыңға жуық кәсіпорын тіркелген. Бірақ шынайы келетін болсақ, оның көлемі әлдеқайда аз болады деп болжамдап отырмыз. Бұл мәселе отандық тауар өндірушілерінің тізілімі күзде іске қосылғаннан кейін нақты бізде қандай, қай салада, қандай тауар өндірушілері бар екенін білеміз.
Жалған кәсіпорындарға заңмен ешқандай жаза қарастырылмаған. Сондықтан отандық тауар өндірушілерінің тізілімі сүзгі қызметін атқармақ. Яғни, тізімге нақты кәсіпкерлік субъектілері қана енгізіледі. Биылдан бастап оларға мемлекеттік сатып алу конкустарының шарттары жеңілдетіледі. Мәселен, аванс мөлшері 50%-ға дейін өседі. Сондай-ақ төлем мерзімін 10 жұмыс күніне дейін қысқарту, 3% мөлшерінде шартты жеңілдік беру және тауар өндірушілер тізіліміне енгізу процесін автоматтандыру сынды артықшылықтар қарастырылып отыр.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
Жыл басынан бері біз конкурстардың мерзімдерін едәуір қысқарттық қой?! Маған баяндалғандай, қазір бір аптаның ішінде конкурстар өткізіліп жатыр. Расында да солай ма?
Дәурен Кеңбейіл, ҚР Қаржы вице-министрі:
Жаңа заңмен сіздің тапсырмаңыз бойынша біз қағидаларда мерзімдерді қысқарттық. Қазір рейтингтік балдық жүйе бойынша мердігер 5 күнде таңдалып алынады, ал конкурс бойынша мердігер 10 күнде таңдалады. Біз мерзімдерді қысқарту бойынша процесстерді оңтайландырдық. Және автоматтандыру процесстерін қосып жатырмыз.
Яғни, мемлекеттік сатып алулар неғұрлым ашық әрі ыңғайлы бола түсті. Күзде іске қосылатын тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімі де толық цифрландырылады.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Отандық тауар өндірушілерді тізілімге енгізу механизмі 4 кезеңнен тұрады. Біріншіден, ақпараттық жүйе арқылы өтінім беріледі, екіншіден, мемлекеттік деректер базасымен цифрлық тексеру арқылы ұсынылған мәліметтердің дұрыстығы тексеріледі. Үшіншіден, технологиялық операциялардың орындалуы бағаланады. Қажет болған жағдайда өндірістік алаңға барып, бағалау жүргізіледі. Төртіншіден, тізілімдегі отандық тауар өндірушілерге тоқсан сайын мониторинг жүргізіледі.
Нұрсұлтан Тілектес