Елде ет бағытындағы асылтұқымды мал шаруашылығын түлетемін дегендерге жылдық 5% мөлшерлемемен жеңілдетілген несие беріледі, деп хабарлайды 24KZ. Демек фермерлерге өнімділікті арттырып, асылтұқымды аналық мал сатып алу мүмкін болады .
Ет комбинаттары мен бордақылау алаңдарына айналым қаражатын толықтыру үшін де қарыз беру көзделеді. Басты талап: ірі қара малдың кемінде 70%-ін отандық ет комбинаттарына өткізу қажет. Сондай-ақ өңдеуші кәсіпорындардың терең өңдеу желісінің болуы міндеттеледі. Бұл туралы ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин мәлімдеді. Бүгін Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен саланы дамытуға арналған кеңес өтті. Онда келесі жылы Дүниежүзілік жануарлар денсаулығы ұйымы тарапынан еліміздің солтүстік-батыс және орталық аймақтарын аусылдан таза аймақ ретінде мойындау үшін аудит өткізілетіні айтылды. Бұл ретте өңірлік әкімдіктер ветеринариялық нысандардың материалдық-техникалық базасын халықаралық стандарт деңгейіне жеткізуге міндетті.