Түркістан облысының Бәйдібек ауданында жұрт ауыз суға зәру. Бес бірдей елді мекенге мемлекеттен қыруар қаражат бөлінгенімен, бірінде құбыр жарамай, енді бірінде қазылған ұңғымадан су шықпай, жергілікті халық бір күн де су ішпеген. Жығылғанға жұдырық, биылғы құрғақшылықтан құдықтарда су тартылып қалған. Үлкен Шаян өзенінде де судың көлемі азайып кеткен.

Жүзден аса түтіні бар Алғабас ауылына алты жыл бұрын бюджеттен 164 млн теңге бөлініп, жаңа ұңғыма қазылған. Құбырлар тартылып, пайдалануға берілген. Алайда ауданның суға жауапты мекемесі нысанды құжат бойынша қабылдап алғанмен, таза судың дәмін татып та көрмедік дейді жұрт.

Жарқынбай Қадырбеков, Алғабас ауылының тұрғыны:

Мен өзім мына төменгі жақта тұрамын. Үйге бір тамшы су барған жоқ. Мұнарадан су шыққан жоқ дейді. Бір рет жинап жіберді, сап-сары су ақты. Одан кейін су көрген жоқпын. Былай су болмаған соң жастар да кетіп жатыр.

Ауылдағы жалғыз мектеп те жерасты суын пайдаланады. Балалардың да ішетіні осы су. Өзекті мәселені аудандағы одан қалды облыстағы жауаптылар да жақсы біледі. Бірақ нәтиже жоқ. Қайта жөндеуге болатын бес жылдық кепіл мерзімі өтіп кеткен. Суға жауапты мекеме басшылығы болса мердігер компания ақауды ретке келтірмегенін айтады.

Жандос Әзизханов, Бәйдібек аудандық Тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

Кезінде мердігерді сотқа да берген. Бұл бойынша ескерту де берген. Олардың қағаздары бар. Ақша өндірілді ме мердігерден? Нақты жауап бере алмаймын оған. Неғылам өтірік айтып.

Ал құрылыс жұмыстарын атқарған «Көлсай Строй» компаниясының басшылығы суды талапқа сай бердік. Тіпті жұрт құжатқа қол қойып берді деген уәж айтты.

Асылбек Асанов, «Көлсай Строй» ЖШС учаске бастығы:

Су ішпедік деген өтірік болады, су ішті ол жерде. Техникалық қадағалау қызметі қабылдап алды. Жобалаушы ұйым да бақылады. ТКШ-ның өкілдері қабылдап алды. Одан кейін арыз-шағымдар болды бір-екі. Оларды біз сол сәтте барып, реттеп кеткенбіз.

Қалай болғанда да ауданды сумен қамтитын «Бәйдібек-су» мекемесі енді ұңғыманы бюджет есебінен қайта жөндемек.

Шыныбек Мұнашев, «Бәйдібек-Су» мекемесінің директоры:

Көп ахаулар болған ғой. Ішінде сорғы күйіп кеткен. Екі ұңғыманың сорғысын ауыстырдым. Резервуардың ішін тазаладым. 55 абонент қазір үйіне кіргізбеген. Қазір соныменен халықпен жұмыс істеп жатырмыз. Үйіне кіргізіп, осы айдың ішінде қосамыз.

Алғабастан бөлек ауыз су проблемасы көршілес екі елді мекенде де өзекті. Ағыбет ауыл әкімдігінде 2012 жылы тартылған құбырлар тесіліп, жарамсыз күйге түссе, Жұлдыз ауылында су қоры анықталмаған. Сондай-ақ Кеңсай, Ақтас, Қошқарата елді мекендерінде тартылған құбырларды өзен суы шайып кеткен.

Айнұр Әбілқасымқызы