Басықара ауылында иесіз қалған балық шаруашылығы қайта жанданады, деп хабарлайды 24KZ. Аумағы 500 гектардан асатын ірі нысан 30 жылдан кейін жаңғыртылып, толық қуатында іске қосылады.
Тоғанда тауарлы балық өсіру көзделіп отыр. «Жыл соңына дейін Қызылорда облысында тағы 11 тоған шаруашылығы өз жұмысын бастайды», – дейді мамандар.
Басықара ауылындағы балық тоғаны 1987 жылы іске қосылған. Сол кезеңде жылына 500 тоннаға дейін тауарлы балық өсірілген. Тіпті уылдырық шайқайтын арнайы цех та жұмыс істеген. Алайда арада жеті жыл өткен соң нысан жекенің қолына өтіп, көп ұзамай тоқтап қалған.
Тоған 30 жылдан бері қараусыз қалған. Жалпы аумағы 500 гектардан асады. Қазір бұл жерді мынадай жыңғыл мен шеңгел қаптап кеткен. Мамандар: «Тоғанды келесі жылға дейін толық қалпына келтіреміз», – деп отыр.
Сағат Қарабатыров, ихтиолог:
- Сорғының су айдайтын жерін, сосын балықтың қыстайтын орнын дайындау керек. Ақсай каналының үстінен өтетін «лотогы» құлаған ғой, соларды істеп жатыр. Соған күш салып жатыр.
Соңғы бес жылда Қызылорда облысында балық өндіру көлемі 174 тоннадан 1000 тоннаға дейін артқан. 2024 жылдың өзінде өңірде 4 жаңа балық өсіру шаруашылығы ашылған.
Нұрлыбек Қосбармақов, Табиғи ресурстар және ТПР басқармасының бас маманы:
- Бүгінгі таңда екі тұйық сумен қамтамасыз ету құрылғысы, 23 тоған шаруашылығы, 6 тор қоршамада балық өсіру шаруашылығы іске қосылып, көл-тауарлы балық шаруашылығының саны 76-ға жетті. 2025 жылдың жоспарына сәйкес өңірімізде 11 тоған шаруашылығын іске қосу көзделіп отыр.
Қазіргі таңда облыста 11 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Бұл кәсіпорындарда өңделген өнім 11 мемлекетке экспортталады.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев