Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясына төрағалық Қазақстанға берілді .
ТүркПА-ның бүгін елордада өткен 14-жалпы отырысында Әзербайжан елінің ұйымға төрағалық ету кезеңі қорытындыланып,, маңызды міндетті атқару тізгіні біздің елге өтті. Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов төрағалық еткен алқалы жиынға Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев, Әзербайжан Милли Меджлисінің төрайымы Сагиба Гафарова, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің төрағасы Нурланбек Тургунбек уулу, Түркияның Ұлы Ұлттық Мәжілісінің спикері Нуман Куртулмуш, Өзбекстан Олий Мажлисінің Заң шығарушы палатасының спикері Нуриддин Исмоилов қатысты. Сондай-ақ ТүркПа-ға байқаушы елдер мен Түркі ынтымақтастығы аясындағы ұйымдардың және басқа да халықаралық бірлестіктердің жетекшілері атсалысты. Жалпы отырыста «ТүркПА-ға мүше мемлекеттерде тұруға рұқсат беруді жеңілдету туралы», «Мұғалімнің мәртебесі туралы», «Экономикалық қызметтегі таза энергия туралы», «Халыққа экологиялық білім беру және ағарту туралы» модельдік заң жобалары қабылданды. Басқосу соңында Түркі мемлекеттері парламенттерінің төрағалары Астана декларациясын қабылдады.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы:
- Президенттеріміздің ізімен біз де едеріміздің ынтымағын тереңдетуге күш салып жатырмыз. Аманат арқалаған депутат ретінде халықтарымыздың ниеті мен арман-мұратын жақсы білеміз. Әрине ең әуелгі мақсатымыз көшбасшыларымызға тірек бола отырып, тағдыршешті шешімдерді заңнамалық тұрғыда қолдау. Дегенмен, Парламент заң қабылдайтын институт қана емес. Ол ұлттарымызды ұйыстыратын, елдерімізді жақындастыратын, заңнамаларымызды үндестіретін алтын көпір. Біздің басты әрі тарихи миссиямыз осы деп ойлаймын.