Қазір білім аламын деген адамға шекара да, шектеу де жоқ. Үйде отырып-ақ, елден шықпай-ақ әлемге әйгілі жоғары оқу орындарының курстарынан өтіп, сертификат иеленіп, тіпті диплом алуға болады. Бұған ашық университеттер жобасы мен онлайн білім бағытының қалыптасып, дами түскені ықпал етті.
Сондай мүмкіндікті барынша пайдаланып, өзін жан-жақты жетілдіруді көздеген отандасымыз, Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің 1-курс студенті Роман Степанец атақты «Coursera» платформасында 260 курстан өтіп, Қазақстан жоғары оқу орындары арасында көш бастады.
«Туризм» мамандығында оқитын ол басқару, қаржы, психология, бұқаралық ақпарат құралдары және жасанды интеллект бағыттары бойынша әлемнің жетекші оқу ордалары – Йель, Стэнфорд, Мичиган университеті, Уэслиан және басқа да оқу орындарынан 12 мамандандыру бағдарламасын меңгерді. Романның жеке үздік курстар тізімінде Йель университетінің «Қаржы нарықтары» курсы, сондай-ақ Уэслиан және Пенсильвания университеттерінің психология мен жасанды интеллект курстары бар.
«Өзін-өзі дамыту – мен үшін өмір салты. «Coursera» маған ең үздік оқытушылардан білім алуға мүмкіндік берді, мен бұл мүмкіндікті толық пайдалануға тырыстым», деді студент.
Роман алған білімін белсенді түрде қолданып жүр, «Coursera» платформасында басқа студенттерге оқуда қолдау көрсетіп, коммуникация мен цифрлық білім беру саласындағы дағдыларын жетілдіріп жатыр. Кейіпкеріміз дәрістерден тыс уақытта музыкамен, спортпен және кітап оқумен айналысады.