Бүгін Торғай өңірі көптен күткен «Орталық-Батыс» күре жолының құрылысы басталды. Наурыз айында Президент құрылтай мінберінен Астана мен Ырғызды жалғайтын автокөлік жолын салуды үкіметке тапсырған еді. Жаңа жол алдымен асфальті жоқ жерлерге төселеді.

Мәдина Нағашыбай, тілші:

Бүгін тарихи күн. Жұртшылық асыға күткен күре жолдың құрылысы алдымен Арқалық қаласының шығыс бөлігінен басталды. Осы жерден Егіндікөлге дейін 241 шақырым жерге асфальт төселеді. Ал Торғайдан Ырғызға дейінгі салынатын жолдың ұзындығы 193 шақырымды құрамақ. Ал қолданыста бар жол Астана-Егіндікөл, Арқалық-Торғай жолы қайта жөнделеді. Жалпы құрылыс 21 учаскеге бөлінген. Әр аумаққа мердігер бекітілді.

Сатжан Аблалиев, ҚР Көлік вице-министрі:

Торғайдан Ырғызға қарайтын учаскелер де бұрын жол болмаған учаскелер. Ол жерде де бүгін дәл осы сәтте құрылыс жұмыстары басталып жатыр. Негізгі жоба 889 шақырым. Нормативтерге сәйкес құрылыс уақыты 48 ай болады. Бірақ бүгінгі күні жол құрылысшылары оны барынша қысқартып, тез уақытта бітіруге міндеттеме алып отыр.

Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:

Арқалықтан Астанаға дейін баратын болсақ, 600 шақырым өтеміз. Жаңа жолмен 374 шақырым ғана болады. Экономика өсуіне негіз болады. Қазір де біраз қаражат бөліп жатырмыз. Арқалықтың биылғы бюджеті 32 млрд теңгеге жетіп қалды. Ол 2022 жылмен салыстырсақ, 60% -ке артық.

Әуелде жобалау жұмыстарының өзі қыркүйекте аяқталуы тиіс еді. Алайда Премьер-Министр осыдан тура бір ай бұрын құрылысты тездетіп маусым айында бастап кетуді тапсырды. Енді 4 жылда жұмыс толық аяқталуы тиіс. Ол үшін бір мезгілде 6 мың адам мен 4 мыңнан астам техника жұмылдыралады. Ал жергілікті жұртшылық ақжолтай жаңалықты қуана қарсы алып жатыр.

Ақылбек Сапарғалиев, Арқалық қаласының тұрғыны:

Торғай аумағының халқын дүрліктіріп отырған осы «Батыс-Орталық» тас жолы салынады деген хабарды естіп қуанып жүр едік. Міне, бүгін жұмыс басталайын деп жатыр деген хабарды естіп тіптен қуанып жатырмыз. Адамның бойына күш-қуат беретін қантамыр ғой, сол сияқты мынау Торғай өңіріне күш беретін бір жаңа күре тамыр есебінде деп ойлаймын.

Жанат Бақов, Арқалық қаласының тұрғыны:

Өте қуаныштымыз жобаның басталғанына, көптен күткен жаңалығымыз ғой. Экономика жағымыз көтеріледі. Жол жағдайы, жұмыс бабы көтеріледі. Адамдарға жұмыс табылады.

Мәдина Нағашыбай, тілші:

40 мыңға жуық халқы бар Арқалық қаласында биыл оң өзгеріс көп. Жақында тері өңдейтін зауыт қайта іске қосылды, әуежай мен бірнеше әлеуметтік нысан қалпына келтіріліп жатыр. Ал ауқымды жоба «Орталық-Батыс» жүзеге асса, қозғалыс қарқындылығы тәулігіне 3 мың автокөлікті құрайды. Яғни транзиттік әлеует айтарлықтай артып, бизнес дамиды, жаңа жұмыс орындары ашылады. Мұндай игілікті жол бойындағы 70 мың тұрғыны бар 13 елді мекен де көреді.

Мәдина Нағашыбай