Ақтауда «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасы аясында өткен халықаралық фольклорлық ансамбльдер мен вокалды-аспаптық ансамбльдер фестивалінің гала-концерті өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Гала-концертте Иран, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей елдерінен және Атырау мен Қызылорда қалаларынан келген өнер ұжымдары ұлттық музыкалық мұраны насихаттады.
Екі күн бойы Ақтау қаласы үнсіз тыңдап, демін ішіне тартып, кәсіби өнерпаздардың орындауындағы музыкалық өнердің биік үлгісіне куә болды. Бүгін де біз қала халқына авторлық туындымызды ұсындық. Одан бөлек, халық композиторларының күйлерін заманауи бағытта өңдеп әкелдік. Атап айтсақ, «Алаш аманаты», «Кеңесары», «Қасым хан», халық әні «Әгугәй» сынды шығармаларды орындадық. Тұрғындардың ықыласы ерекше болды, олар жылы лебізбен қарсы алды, – деді Атырау облыстық «Сармад» этно-фольклорлық ансамблінің мүшесі Ақбөкен Темір.
Іс-шара барысында Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов пен халықаралық «ТҮРКСОЙ» ұйымының өкілі Арман Нұрмұхамедұлы қатысушыларды «Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» жылы аясында өткен фестивальге қосқан үлесі үшін естелік диплом мен арнайы кубокпен марапаттады.
Гала-концертке жиналған халықтың қарасы қалың болды. Көрермендер шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, фестивальге қатысқан өнерпаздарға көтеріңкі көңіл күй сыйлағаны үшін алғыс білдірді.
«Ақтау – Түркі әлемінің мәдени астанасы» атанғалы өңірімізде мерекелік іс-шаралар жиі ұйымдастырылып келеді. Осындай бастамалар жастарға ұлттық өнерді терең танып-білуге мүмкіндік пен ұрпақ санасында рухани тамырымызды бекемдеуге үлкен серпін береді, — деді қала тұрғыны Мейрамгүл Досыбаева.