Тегеран Иранда ядролық қару жоқтығына кепілдік беретін келісімге қол қоюға дайын. Бұл туралы Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи елдегі елшілермен кездесуде мәлімдеді. Кездесу Иран теледидары арқылы тікелей көрсетілді, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі РИА Новости-ге сілтеме жасап.
"Біз Иранда ядролық қару болмауын қамтамасыз ететін кез келген келісімге дайынбыз, өйткені біздің ұстанымымыз бойынша, ядролық қаруға тыйым салынған. Бірақ егер келісімнің мақсаты Иранды ядролық құқықтарынан айыру болса, ондай шарттарға біз бармаймыз", – деді Аракчи.
Министр Израильдің Тегеранның ядролық бағдарламасына қатысты ешқандай келісімге немесе дипломатияға мүдделі емес екеніне сенімді екенін жеткізді.
"Израиль ешқандай келісімді, ешқандай келіссөзді, ешқандай дипломатияны қаламайтыны анық. Қақтығыс қызған шақта Иранға қарсы агрессияның жасалуы – Израильдің қандай да бір келіссөздерге қарсы екенін көрсетеді", – деді Иран СІМ басшысы.
Сондай-ақ, ол Иран тек өзін қорғайтынын айтып, Израиль тарапынан шабуыл тоқтаса, Иран да қарсы әрекеттерін доғаратынын мәлімдеді.
"Біз тек қорғанып жатырмыз. Егер шабуыл тоқтаса, біз де жауап беруді тоқтатамыз", – деді ол.
Аббас Аракчи АҚШ-тан Израильдің Иранның ядролық инфрақұрылымына жасаған шабуылдарын ашық айыптауды күтетінін айтты.
"АҚШ өз ұстанымын нақты білдіріп, бұл шабуылды шынайы түрде айыптауы тиіс", – деді дипломат.
Сонымен қатар, министр АҚШ-тан әртүрлі арналары арқылы "Вашингтон Израиль шабуылдарына қатыспайды және қатыспақ та емес" деген мазмұндағы хабарламалар алғандарын айтты. Алайда Аракчи Тегеран бұл уәделерге сенбейтінін мәлімдеді.
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!