Әлемде халық та, көлік те көбейіп, ірі мегаполистер кептелістен көз ашпай жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Біздегі жарты сағат, әрі кетсе бір сағат кептеліс кей елде 7 cағатқа дейін созылады.
Жалпы дүниежүзінде көлік саны бойынша АҚШ көш басында. Онда мың адамға 800-ден аса көліктен келеді.
Мәселен, Нью-Йоркте кептелістің ұзақтығы жыл сайын 90 сағатқа дейін жетеді. Енді бұл мәселені өзге елдер қалай шешпек?
Ыстамбұлда кептеліске жылына 105 сағат кетеді
Көлік кептелісі бойынша әлемдік рейтингте көш бастайтын қаланың бірі – Ыстамбұл. Америкалық INRIX аналитикалық компаниясының дерегіне сүйенсек, бұл қаланың көлік жүргізушілері жылына орта есеппен 105 сағатын жолда бекер өткізеді. Көрсеткіш Анкарада 91, Антальяда 85 сағат. Cалыстырмалы түрде айтсақ, Нью-Йоркте 102 сағат. Жалпы Түркияда қоғамдық көліктің кез келген түрі бар. Дегенмен, кейінгі жылдары халықтың өмір сүру деңгейі жақсарған сайын жеңіл көліктер көбейген. Былтыр Ыстамбұлда 5,45 миллионнан астам автокөлік тіркелген. Бұл – Еуропа қалаларымен салыстырғанда өте жоғары көрсеткіш. Көлік кептелесінің артауына тағы бір себеп – қала құрылысы. Ыстамбұл тарихи шаһар болғандықтан, көшелердің көбі тар, күрделі инфрақұрылыммен салынған. Енді билік көлік қозғалысын азайтып, экологиялық жағдайды жақсарту үшін көлік қозғалысының тығыздығы жоғары аймақтарда ақы төлеуді енгізбек.
Әлемнің ірі мегаполистерінде кептеліс үшін салық төлейді
Әлемнің бірқатар мегаполисінде жол кептелісіне қарсы салық жүйесі бар. Оны ең алғаш 1975 жылы Сингапур енгізген. Қазіргі жүйе ERP (Electronic Road Pricing) деп аталады. Ол толық автоматтандырылған. Жол ақысы уақыт пен кептеліс деңгейіне байланысты өзгереді, мысалы, таңғы уақытта тариф жоғары. Ал, Лондонда дәл осы жүйе 2003 жылы енгізілді. Жүргізушілер қала орталығына кіргені үшін күн сайын шамамен 15 еуро төлейді. Бұл теңгемен 8 мыңдай. Сөйтіп, сол жылы жолдағы көлік саны бір жыл ішінде 30%-ке азайып, қоғамдық көлікпен жүруді таңдайтындардың қарасы көбейген. Сондай-ақ ірі қалаларда автокөлік нөмірі тақ санмен аяқталатындар үшін бір күн, жұп санмен аяқталатын нөмірлер үшін келесі күні жүру тәртібі белгіленген. Мұндай тәсіл Афины мен Пекин қалаларынан бастау алған.
Көлік көбейсе, кептеліс азаймайды
Гиннесстің рекордтар кітабына енген әлемдегі ең үлкен көлік кептелісі жайлы естіп пе едіңіз? Бұл оқиға 1980 жылы Лион мен Париж арасын жалғастыратын жолда болған. Альпідегі мерекеден қайтқан жұрт қалың тұманға кезігіп, соның салдарынан 175 шақырымға созылған көлік кептелісі болған. Онда шамамен 5 миллион көлік тұрған.
Бұған қарап, әлі күнге дейін ірі мегаполистер үшін жолдағы кептеліс түйткілі шешлімеген мәселе екенін анық түсінуге болады. Оның үстіне жыл сайын көліктің неше түрі шығарылып жатыр. Демек, көлік көбейген сайын кептеліс те көбейеді. мұның сорақысы ауаға көп газ бөлініп, адамның денсаулығына зиян тигізеді. Осы орайда Біріккен ұлттар ұйымы жеңіл көліктен гөрі қоғамдық көлікті пайдалану арқылы ауаға таралатын көмірқышқыл газын 2,2 тоннаға азайтуға болатынын айтады.
Авторы: Фариза Жанғанаева