Қостанай облысында 650 мың гектар алқапта шегіртке ошақтары анықталды, деп хабарлайды 24KZ. Әсіресе зиянкестер оңтүстік аудандарда көп шоғырланған. Қазір жаппай химиялық өңдеу жұмыстары жүріп жатыр. Жағдай қалыпты десе де, мамандар шегіртке қаупі әлі сейіле қоймағанын айтады.

Науырзым ауданында италиялық прус деп аталатын шегірткенің ең бір зиянды түрінің ошағы көп. Егер оны дернәсіл кезінде жоймаса, кең таралуы мүмкін. Ал қанаттанып кеткен кезінде ол жолындағы егінжай, жайылымдардың бәрін жайпап өтеді.

Науырзым ауданы бойынша осындай жеті зерттеу тобы жұмыс істеп жатыр. Олар күні бойы алқаптарды аралап, шегірткенің дернәсілі шоғырланған жерлерді анықтайды.

Сәулеш Алдажұманова, Науырзым аудандық аумақтық инспекциясының басшысы:

- Шетіне кірген сайын улап отырамыз ғой. Шаруа қожалығының басшылары, жұмыскерлері өздері зерттеп жүреді. Егіндерін қарап жүреді. Солар шақырған сайын, нүкте белгілеген сайын барып улап отырамыз. Жалпы соншама жеп қойған деген жоқ.

Алдын ала зерттеу нәтижесінде Науырзым ауданында 150 мың гектар аумақта шегіртке ошағы анықталған. Қазір соның жартысы химиялық өңдеуден өтті. Бір жерден шегірткенің 3-4 балаңқұрты табылса, зиян келтірудің экономикалық шегі деп саналады. Яғни ол аумақ міндетті түрде өңделуі қажет. Зиянкестерге қарсы күреске ұшақ, агродрон, газ генераторы, желдеткіш, штангалы у сепкіштер сияқты 10-нан астам техника тартылған.

Сергей Хоменко, мердігерлік ұйым басшысы:

- Тәулігіне екі ауысымда мың гектарға дейін өңдейміз. Негізінен күн ысымай тұрып таң ертесімен, сосын кеш бата түннің 1:00-ге дейін жұмыс істейміз. Техниканы жаңартып жетілдірдік. Әуеден химиялық өңдеу жүргізетін қуатты ұшақ сатып алдық.

Облыс аумағында бұл жұмысқа 70-ке жуық техника жұмылдырылған. Олардың негізгі бөлігі оңтүстік аудандарда. Жалпы бүгінгі күнге дейін 300 мың гектардан астам алқапта шегірткеге қарсы шаралар жүргізілген. Бұл белгіленген көлемнің жартысы.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров