Астанада Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионның құрылысы мемлекетке қайтарылған активтер есебінен қаржыландырылып жатыр.
Жаңа спорт нысаны УЕФА талаптарына сай болады, дейді мамандар. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталмақ.
Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің футболшылары апта сайын жаттығу орнын ауыстыруға мәжбүр. Өйткені тұрақты ойын алаңы жоқ. Ал "Астана Аренаның" кестесінен бос уақыт табу қиын. Сондықтан жасөспірімдер үшін қолайсыз болса да босаған кез келген спорт нысаны жалға алынып жүр.
Дінмұхамед Абылай, спорт мектебінің тәрбиеленушісі:
- Аптада біз 3 рет тренировка істейміз. Ауысып тұрады тренировка жасайтын жерлеріміз. Алдыңғы аптада Жирентаева 15б-да болды. Осы апта осы жерде болады. Өзімізге толық стадион қажет. Мына жақтарда дала болғандықтан өте ыстық болады. Бізге ыңғайсыз жаттығу.
Қ. Мұңайтпасов атындағы бұрынғы стадион өткен ғасырдың алғашқы жартысында салынған. Кейінгі он жылда апатты жағдайда тұрды. Былтыр желтоқсаннан бастап оның орнына жаңа ғимараттың іргетасы құйылды. Жасөспірімдер дәл осы стадион құрылысының аяқталуын асыға күтіп жүр.
Нұрдәулет Еркен, қалалық құрылыс басқармасының бас маманы:
- Бұл жобаның құны 17,2 млрд теңге. Мемлекетке қайтарылған активтердің есебінен болады. Қазіргі уақытта свай қағу жұмыстары аяқталды. Монолитті бетон құю жұмыстары жүріп жатыр және металлоконструкция жұмыстары жүріп жатыр.
Жасөспірімдер мұнда қысы-жазы жаттыға алады, өйткені стадионның төбесі жабық болады. Екі жағында орналасқан трибуналарда 3600 орын қарастырылған. Ал алаңға жасанды газон төселеді. Мамандардың айтуынша, спорт нысаны УЕФА талаптарына толық сәйкес келеді.
Еркебұлан Алдабергенов,"№8 Балалар мен жасөспірімдердің мамандандырылған олимпиадалық резерв спорт мектебі" КММ басшысы:
- Халықаралық жарыстар өткізуге, керек десеңіз ел біріншілігі ойындарын осы стадионда өткізуге толық мүмкіндік болады. Қыстың кезінде толыққанды жаттығу жұмыстарын жасауға алаң болмайды. Сондықтан осы алаңның ашылуы өте қажетті, өте маңызды және елімізде, Астана қаласында балалар футболының дамуына үлкен серпін береді.
Жаңа стадион жылдың соңына қарай қолданысқа беріледі. Онда спорт мектебіндегі мыңға жуық баламен қатар елордалық футбол клубтарының тәрбиеленушілері емін-еркін жаттыға алады.
Еркебұлан Смадияров, Диас Қобыланбаев