Әмірлік компаниялары Қазақстанның туризм, қонақүй бизнесі және жылжымайтын мүлік нарығына қомақты қаржы салмақ. Бұл екі елдің инвестициялық ынтымақтастығын тереңдетуге бағытталған нақты жоспардың бірі. Биылдың өзінде дубайлық үш ірі девелопер еліміздің атқарушы орган өкілдерімен кездесіп, тиісті келіссөз жүргізді. Тараптар жобаның жай-жапсарын талқылауға кіріскен. Әңгіме қандай ауқымды жоба жайында болып отыр? Инвестиция құны қанша?

Туризм, қонақүй және жылжымайтын мүлік бизнесі. Дубайда орналасқан ірі девелоперлік мекемелер Қазақстанмен осы салада өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтпақ ниетте. Жыл басынан бері бастама түрлі іскерлік алаңда талқыланып жүр. Тіпті таяуда инвесторлардың бірі Алматы мен Астанаға барып, елдің жауапты орган жетекшілерімен келіссөз жүргізіп қайтты. Қазақ тарапы ұсынысты зерделей келе, әріптестікке дайын әрі қолға алынатын жобаның қалалық инфрақұрылымды жақсарта түсетінін атап өтті. Өз кезегінде дубайлық кәсіпкер қос мегаполиске 3 млрд доллар инвестиция салатынын растады. Қаржының бір бөлігі биік ғимарат тұрғызуға жұмсалады.

Хомам Хаммодей, туризм және инвестициялық компания жетекшісі:

- Дубайда инвестор көп. Солардың бірі бірер апта бұрын ғана Қазақстанда болып қайтты. Оның жетекшілігіндегі компания әмірлікте көптеген ғимарат салған. Туризм және қонақүй ісінде мол табысқа кенеліп жүр. Ал нақты менің мекемем Алматыда бірнеше жыл бұрын ашылған. Шығанақ елдері ішінде алғашқылардың бірі болып Қазақстанға барғанбыз. Жыл сайын жүздеген турист алып барып, жергілікті серіктестеріммен олар үшін мазмұнды демалыс ұйымдастырамыз. Барыс-келіс алдағы жылдары тіпті ұлғаятын түрі бар. Сондықтан қазақ жерінде шығанақтағы араб елдеріне визалық режим жеңілдетілсе екен.

Айта кетейік, Біріккен Араб Әмірліктері – Қазақстанның Таяу Шығыстағы ірі инвестициялық серіктесі. Бұл сөзімізге мына сандар дәлел. Бүгінде екі елді ортақ инвест қоржынында жалпы құны 7,7 млрд долларға тең 40-қа жуық бірлескен жоба бар. Ең сүбелісі – Жамбылда жүзеге асатын қуаттылығы 1 гГВ жел электр станциясы. Жаңартылған қуат көзіне негізделген нысан құрылысы келер жылдың алғашқы тоқсан соңында басталады. Бұған қоса әмірлік кәсіпкерлері біздегі логистика, ауыл шаруашылығы, туризм, IT салаларына қыруар қаржы құйып келеді. Бұл тараптардың өзара тиімді ынтымақтастық аясын кеңейтуге деген ниетін аңғартады.

Тарик Ахмед Низами, бизнес сарапшы, «Clubs Network» бизнес қауымдастығының төрағасы:

- Қазақстанда қазір әмірлікпен бірлескен кәсіпорындар құру ісі қарқын алды. Біздің мекеме көптеген араб инвесторына осы бағытта көмек көрсетті. Қазақ жерінің географиялық орналасуы мен өндірістік әлеуетін артықшылық деп санаймыз. Маңайында бірнеше мемлекетпен шектеседі әрі қаржылық мүмкіндік өте зор. Экономика өсіп келеді. Бизнес үшін көп шаруа бір терезе қағидасымен іске асады. Теңіз және құрғақ порттар бар. Ауа райы қолайлы. Менің ойымша, алдағы уақытта сіздің елде инвесторларының қатары тағы арта түседі.

Туризм саласындағы тағы бір ілкімді іс әмірлік компаниясымен Ақтауда қолға алынады деп көзделіп отыр. Дубайлық инвестор теңіз жағасында жаңа қала салу идеясын ақпан айында бас консулдық және іскерлік кеңес өкілдеріне ұсынып, алдын ала келісім жасасып үлгерді. Қазір жоба қарастырылу кезеңінде. Араб инвесторлары процесті барынша тездетуге ниетті. Бұған енді біздің ел тарапынан да тиісті қолдау көрсетілсе игі.

Авторы: Рауан Мыңбай