Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек бірнеше өңірлердегі жер саласында болған заң бұзушылықтар туралы депутаттық сауалын Үкімет басшысына жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Б.Базарбектің айтуынша Жетісу облысының Алаколь ауданында биыл 26 сәуірде әріптесі Мұрат Абеновпен «Жер аманаты» жер комиссиясымен іс-сапары барысында Ақши ауылындағы су жағасындағы коммерциялық мақсаттағы 500-ге жуық берілген жерлердің 2016 жылдан бастап игерілмей, пайдаланылмай жатқанын көзбен көрген.
«Жергілікті аудан әкімдігі, ауданның жер және сәулет, құрылыс бөлімдері, облыстық жер ресурстарын басқару Департаменті басшылары мен қызметкерлері неге байқамаған? «Жер аманаты» тексермейінше неге үнсіз отырған? Міне қазір қолымда жоғарыда атаған 500 жер учаскелерінің 351 учаскесі бойынша ақпарат, жер иелерінің аты жөні мен жерінің кадастрлік нөмірлерінен бастап, құрылыс жүргізуге рұқсат берген уақытына дейін толығымен жазылған. Қазір әрбір фамилияны тексеріп, әкімдікке қандай қатысы бар оны да тексеріп Бас прокуратураға жібереміз», деді депутат.
Мәжіліс депутатының айтуынша, Сарқан ауданы бойынша тіпті түсініксіз жағдай болып отыр.
«Сарқан ауданы әкімінің ақпараты негізінде және азаматтардан түскен арыз өтініштері бойынша «Март-Агро», «Сарқан МТС Агро», «Сарқан Агро» сияқты ірі ауыл шаруашылық жерлері бар кәсіпорындар өздерінің жерлерін игермей келеді деген уәждер түсіп отыр. Кейбір аталған кәсіпорындардың артында бұрынғы Премьер-министр Терещенконың жерлері де бар. Ал, Жетісу облысы бойынша жер ресурстарын басқару Департаментінің ақпараты бойынша жер игеріліп жатыр. Жер инспекторлары заң бұзылмады деп отыр. ал Сарқан ауданы әкімі және біз кездескен халық жер игерілмей келеді деп байбалам салып жатыр. Бұл жағдайдың өзі Бас прокуратура және орталық жер ресурстарын басқару комитеті тарапынан тексеріс өткізуді қажет етіп отыр», деді Бақытжан Жұмабекұлы.
Депутаттың айтуынша сонымен қоса, «Жер аманаты» жер комиссиясына ауыл шаруашылық кәсіпорындарға шетелдіктердің келуі мен оның салдарынан, ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлердің шетелдік азаматтардың иелігіне өту қаупі жөнінде арыз өтініштер түсіп жатыр.
«Нақтырақ айтқанда, Ақмола облысы Сандықтау ауданында 2004 жылы үлескерлердің жер үлесінен тұратын «СХП Полина» ЖШС-інің 79,9% үлесін құрылтайшы «Достық-Синтез» ЖШС-і Ресей Федерациясы азаматына сыйға беріп, кейін сол шетел азаматы жарғылық капиталдағы қалған үлесін 2022-2023 жылдары аралығында 30 үлескерлерден сатып алу сату шартымен өзіне жалпы аумағы 1000 гектар ауыл шаруашылық жерді рәсімдеп алған деген ақпаратты қолымызға түсті», деген депутаттың айтуынша аталған үрдіс Ақмола облысында ғана емес, Солтүстік Қазақстан облыстарында болып отыр.
Депутат сонымен қатар Алматы облысының Қарасай, Талғар, Іле аудандарында ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлерді жалған құжаттармен заңсыз бөлу, сегментациялау өрбіп, бақылаусыз кетіп қалғаны туралы айтты.
«Бас прокуратурадан: Алаколь көлінің жағасында Жер ресурстарын басқару комитетімен игерілмеген, пайдаланбай жатқан 351 жер учаскесіне тексеру шараларын ашуды, пайдаланбаған жерлерді мемлекеттік меншікке қайтаруды; Сарқан ауданындағы «Март-Агро» ЖШС-нің игерілмей, пайдаланбай жатқан 17 мың гектар жері бойынша тексеру шараларын ашуды, пайдаланбаған жерлерді мемлекеттік меншікке қайтаруды; Алматы облысындағы жалған құжаттар негізінде заңсыз сегментацияға бөлуге ұшыраған ауыл шаруашылық жерлер алқаптар бойынша тексеру шараларын ашуды, сотқа дейін тергеу амалдарын бастауды; Ақмола облысындағы «СХП Полина» ЖШС-ндегі ауыл шаруашылық кәсіпорынның жер пайдалану құқығының шетел азаматтарының рәсімделу заңдылығын тексеру және заң бұзушылық анықталса, жасалған мәмілелерді заңсыз деп тануды сұраймын», деді депутат.
Қазіргі уақытта Жер ресурстарын басқару департаменттері Терещенкоға, Абықаевқа және басқа да жоғары лауазымды тұлғаларға тиесілі жер телімдерін тексеріп жатқанын айтқан Б.Базарбеков депутаттық сауалын қорытындылай келе, тағы бірнеше жайтты атап өтті.
«Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі апелляциялық алқасының 2025 жылғы 6 маусымдағы қаулысымен Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының Қарасай ауданының әкімі мен 2004 жылғы жекешелендіру туралы келісім (ДКП) шешімін заңсыз деп тану туралы шешімі күшінде қалдырылды. Осылайша, «Халықаралық клубтар қауымдастығы» ЖШС-іне тиесілі, яғни генерал Новиковтың жерлері мемлекет меншігіне қайтарылды!
Генеральды прокуратурадан заңды күшіне енген сот актісінің орындалуын қамтамасыз ету аясында «Халықаралық клубтар қауымдастығы» ЖШС-інің бұрынғы 848 гектар жеріне шектеу қоюды сұраймын.
Үкіметтен аталған жер телімдерін «Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» құрамына беріп, табиғатты қорғау аймағы мәртебесін беру мәселесін шешуді өтінемін», деді Бақытжан Базарбек.