Астанада 29-30 маусымнан бастап бірнеше көшеде қозғалыс шектеледі, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі елорда әкімдігіне сілтеме жасап.

Мәліметке сәйкес, 30 маусымнан 1 қыркүйекке дейін Бөкейхан көшесінен №9 қалалық емханаға дейінгі жол толық жабылады. Бұл шектеу көшеде инженерлік желілермен бірге жүргізілетін күрделі құрылыс жұмыстарына байланысты енгізіліп отыр.

Бұл шаралар "Мәңгілік Ел даңғылы мен Сығанақ көшесінің қиылысындағы көшелерді салу" жобасы аясында жүзеге асырылып жатыр.

"Емханаға Мәңгілік Ел даңғылы жағынан кіре аласыздар. Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден бағыттарын алдын ала жоспарлап, жол қозғалысындағы өзгерістерді ескеруді сұраймыз. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қолайсыздықты азайту үшін уақытша жол белгілері мен нұсқағыштар орнатылады", – делінген Астана әкімдігінің хабарламасында.

Сондай-ақ, қалада тағы бір көше учаскесі жабылады. Орташа жөндеу жұмыстарына байланысты 29 маусым мен 4 шілде аралығында Амман көшесінің Ж. Тәшенов көшесінен Шарль де Голль көшесіне дейінгі бөлігі жартылай жабылады. Бұл аралықта көлік қозғалысы екі бағытта кезең-кезеңімен бір жақ қапталмен ұйымдастырылады.

Сонымен қатар, 30 маусым мен 6 шілде аралығында Керей-Жәнібек хандар көшесінің Түркістан көшесінен Сауран көшесіне дейінгі бөлігінде орташа жөндеу жұмыстарына байланысты қозғалыс жартылай шектеледі. Мұнда да көліктердің жүрісі екі бағытта кезеңмен бір жақ бетпен қамтамасыз етіледі.

Әкімдік қала тұрғындары мен қонақтарынан жол жүруді алдын ала жоспарлап, қозғалыс бағыттарын өзгерістерге сай реттеуді сұрайды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget