Биыл Қарағанды облысы 500 мың туристі қабылдауға дайын, деп хабарлайды 24kz.
Өңірде инфрақұрылым мен сервистік қызметті дамытуға ауқымды инвестиция тартылып жатыр. Жайлылық пен қауіпсіздік мәселесіне де айрықша көңіл бөлінеді. Негізгі басымдықтың бірі – Балқаш жағалауын дамыту. Себебі Көкше теңізге келетін адам саны жыл сайын көбейіп жатыр.
Күнге қыздырынып, суға түсуді жөн көретін туристер арасында Балқаш жағалауына деген қызығушылық басым. Биыл мұнда 150 мыңға жуық демалушы келеді деген болжам бар. Туристік аудандарда 60 шақты демалыс орны мен 18 қонақ үй қызмет көрсетеді. Демалушылардың негізгі бөлігі шілде айында келе бастайды.
Бақдәулет Байбалин, демалыс аймағының қызметкері:
- Демалыс орнына дейін жол тартылса әдемі. Енді асфальт трасса бар ғой, бері қарай тағы жол болса жақсы болар еді. Былтырлары Қытайдан келген адамдар болды. Ондай кісілер болды, жоқ емес. Көбіне орыстар ғой, Ресей жақтан жақсы келеді.
Демалушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында әуежай қайта жаңғыртудан өтті. Тораңғылық пен Шұбартүбек ауылдарына су құбыры тартылып жатыр. Жағажайларда күрделі жөндеу жұмыстары жалғасуда. Бертіс айлағына алдағы жылы қосалқы электр желісі тартылады. Жоба сараптамадан өтті. Ендігі кезекте кәріз жүйесін жаңарту мәселесі тұр.
Сапар Сатаев, Балқаш қаласының әкімі:
- Шашубай кентіне баратын су құбырларын толықтай ауыстырдық. Ол жерде нағыз осы демалыс орындарына баратын су құбырлары жатыр. Ол жерде қазір ол демалыс орындарынан тартылған кәріз жүйелері бар. Биыл енді оған біздің қаражатымыз жетпей тұр. Бірақ келесі жылға біз жоспарға қосып тұрмыз. Ол кәріз жүйелерін біз толықтай ауыстырып, реттеп береміз.
Жергілікті атқарушы билік өкілдері өңірдегі туризмді дамыту мақсатында кәсіпкерлерді қолдап жатыр. Демалыс орындары мен қонақ үй, кемпинг, техникалық жөндеу орталығын салатындарға кеткен шығынның 10%-і қайтарылады. Бертіс айлағында жерді түгендеу жұмыстары аяқталды. Құрылыс жүргізуге арналған 106 гектар аумақ аукцион арқылы сатылады.
Еркебұлан Қамаубаев, Балқаш қаласы әкімдігі туризм секторының меңгерушісі:
- Туристердің қауіпсіздігі үшін 36 видеокамера орнатқан болатынбыз. Қазір енді бізде өзекті мәселе – масалар. Дезинсекция жүргізіліп жатыр. Бірінші кезең осы сәуір айында, екіншісі мамыр айында, үшіншісі маусым айында, төртінші кезең шілде айына жоспарланған. Біздің осы Бертіс дейді, қазіргі тұрған жеріміз Ақшалы кентінде. Бұл жерде қамыс өте көп өседі. Себебі судың циркуляциясы болмайды. Сол үшін, Бертісті тазалау үшін қазір бізде сараптама жүргізіліп жатыр.
Өңірге келетін туристердің биыл үш есе өскені байқалады. Ал көрсетілетін қызмет көлемі былтырмен салыстырғанда 70%-ке артты. 2025 жылы туристік нысандардан түсетін салық 5%-ке өседі және өңірге жарты миллиондай турист келеді деген болжам бар.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Лиана Жамлиханова, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит