Бұрын жаз келсе, балалар ауылға баратын . Таза ауа, кең дала, табиғатпен тілдесу нағыз тынығудың үлгісі еді. Ол күндердің орны бөлек. Бірақ қазір балалардың демалысқа деген талабы өзгерді. Енді олар тек демалып қоймай, жаңа нәрсе үйренгісі келеді.
Иә, ата-ана да баласының демалысы пайдалы әрі мазмұнды өтсе дейді. Осындай сұранысқа сай елордада ашылған келешек мектептердің бірі жазғы IT лагерін іске қосты. Ондағы балалардың демалысы қалай екен?
Цифрлық сауаттылық – заман талабы. Ал жас өрендердің ІТ саласына ерте жастан бейімделуі – ел болашағына жасалған маңызды инвестиция. Елордадағы келешек мектептердің бірі осы мақсатта жазғы IT лагерін іске қосқан. Мұнда оқушылар робототехника негіздерін меңгеріп, 3D модельдеу мен жасанды интеллект тетіктерін үйреніп жатыр.
Думан Батырғали, 5-сынып оқушысы:
- Осы лагерьде робот жасаған қатты ұнайды. Мен осы жақта көп робот жасағанмын. Мен апайдан көмек сұрап жасадым. Мен келесіде мотоцикл немесе тікұшақ жасағым келеді.
Құрмет Әбдіразақова, 6-сынып оқушысы:
- Лагерьге 1 маусымнан бері қатысып жүрмін. Өте қызықты лагерь. Әртүрлі тақырыптарда іс-шаралар өткізіледі және де LEGO SPIKE бағдарламасы арқылы біз көптеген затты үйреніп, жасап жатырмыз.
Тәлімгерлер заман талабына сай жаңа әдістер қолданады. Балаларды тек теориямен шектемей, практикалық дағдыларға да баулиды. «Жаңа форматтағы бұл лагерь балалардың шығармашылығын дамытуға жол ашады», – дейді ұстаз.
Жұлдыз Молданқызы, IT лагерінің тәлімгері:
- Балалармен Paint-та жұмыс істейміз. Слайд, анимация жасап үйретеміз. Қазір балалар бастауыштан бастап қалыптасса, олар жоғары үлкен нәтиже көрсетіп, өздері робот құрастыруға да мүмкіндіктері бар. Мысалы, бізде таңертең 9-дан 10-ға дейін 1 сағаттың ішінде 3-4 оқушы бағдарламаны құрастыра алады. LEGO SPIKE деген бағдарламамен.
Келешек мектепте тек заманауи IT лагерь ғана емес, оқушылардың қызығушылығы мен қабілетіне қарай «Арман», «Жас Сарбаз», «Жасыл ел», «Дидарлы жаз» сынды түрлі топтар да жұмыс істеп тұр.
Гүлсан Кеңшілікқызы, мектеп директоры:
- Жалпы мұғалімдермен ойлана келе IT лагерін ашпақ боп шештік. Мұнда балалардың қызығушылығына қарап, өзіміз балалардың бос уақытын тиімді пайдаланғымыз келді. Жалпы балалар робототехника бойынша қазіргі кездегі түрлі дрондарды ұшырып, уақытын өте қызықты өткізіп жатыр. Лагерьге бір маусымда 120, келесі маусымда 70 балаға дейін қатысып жатты.
Келешек мектеп жанындағы жазғы лагерьлер ашылғанына көп бола қоймаса да, бүгінде мыңға жуық оқушы қамтылып отыр. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта қатысушылар санын арттырып, лагерь бағдарламасын кеңейтуді жоспарлап отыр.