Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқармасы халық тарапынан медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігіне қатысты шағымдардың азаюына ықпал еткен шаралар туралы мәлім етті.
2025 жылдың алғашқы бес айында Қорға барлығы 10 363 шағым түсті, олардың 5 073-і қайтарылып алынды. Көрсеткіш 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11,7%-ға төмен. Былтыр 11 745 шағым тіркелген еді (5 167-сі қайтарылған).
«Азаматтардың шағымдарын азайту, медициналық қызмет сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстар арқылы оң нәтижеге қол жеткізілді. Осы мақсатта Қор медициналық ұйымдар базасындағы пациенттерді қолдау қызметтерімен бірлесіп жұмыс істейді. Бұл қызметтердің мамандарының кәсіби деңгейін арттыруға ай сайын оқыту сессияларын ұйымдастырады», – деді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Индира Саркенова.
Оқытулар беделді басқару (репутациялық менеджмент), этика және деонтология, медицина қызметкерлерінің ар-намыс кодексі сынды негізгі бағыттарды қамтиды. Сессия барысында нақты келіп түскен шағымдар талданып, қаралады. Бұл теориялық білімді тәжірибеде қолдануға, сондай-ақ халық тарапынан сенімді арттыруға мүмкіндік береді. Халықпен кері байланысты күшейту, медициналық көмектің сапа стандарттарын арттыру жұмыстары жалғаса береді.