Иә, заманауи оқу ордалары үш ауысымды мектеп мәселесін шешуге ықпал етпек. Ал Солтүстік Қазақстан облысында балабақша мәселесі өткір тұр. Өңірде мектепке дейінгі білім беру ұйымдары тапшы. Екі мыңға жуық бала кезекте тұр. Мәселемен өңірге келген Парламент депутаттары танысып, салынып жатқан нысандарды аралап көрді .
Петропавлдағы «Жас өркен» шағынауданында қайтарылған активтер есебінен жаңа балабақша салынып жатыр. Жоба құны 1,9 млрд теңге. Нысанның құрылысымен Парламент депутаттары танысып, жұмыс сапасын тексерді. Себебі орын тапшылығына байланысты ата-аналар тарапынан шағым көбейген.
Еркебұлан Мәмбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Халық депутаттарға да осы балабақшаның тапшылығына көп шағымданған. Мектеп былтыр салынды. Биыл. Міне. осы 280 орындық балабақша басталып жатыр. Жоспар бойынша осы желтоқсан айында аяқталуы тиіс.
Дегенмен бұл орын тапшылығын толық шешпейді. Өңірде 2 мен 6 жас аралығындағы балалар әлі күнге дейін мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамтылмаған. Облыс бойынша екі мыңға жуық бүлдіршін балабақша кезегінде тұр.
Валентина Чёрных, Білім басқармасы бөлімінің басшысы:
- Оның 800-ден астамы Петропавлға тиесілі. Мектепке дейінгі тәрбиемен қамту үшін жұмыс жоспары қабылданған. Мысалы, былтыр қалада екі балабақша салынды. Биыл тағы біреуі тапсырылады.
Өңірде мектепке дейінгі 450-ге жуық білім беру ұйымы бар. Оның басым бөлігі ескі. Бұл мәселе кезең-кезеңмен шешілмек. Биыл «Реновация» бағдарламасы бойынша екі балабақша күрделі жөндеуден өтіп, құрал-жабдықтармен қамтылмақ.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков