Алматыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 76 жастағы профессоры Кәкен Қамзин интернет алаяқтардың құрбаны болды. Полиция тергеу жүргізіп жатыр, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Оқиға қалай болған?
Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сүйенсек, арнайы орган қызметкерлері болып танысқан белгісіз адамдар Кәкен Қамзинге хабарласып, алаяқтар оның пәтерін тартып алуы мүмкін екенін айтқан. Олар профессорға пәтерін сатып, ақшаны банк шотына салуға кеңес берген. Ол "кеңеске" құлақ асып, пәтерді сатқаннан кейін түскен ақшаны алаяқтар жіберген курьерге табыстаған.
Әлеуметтік желі қолданушыларының айтуынша, қазіргі пәтер иелері профессордың дереу көшуін талап етіп отыр. Ал студенттері мен оқиғаға бей-жай қарамаған қазақстандықтар Кәкен Қамзиннің баспанасын қайтару үшін қаражат жинап жатыр.
Полиция не дейді?
ОҚК брифингінде ІІМ Киберқылмысқа қарсы күрес департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай бұл оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
"Тергеу мүддесіне байланысты ақпарат жария етілмейді. Қылмыскерді анықтау бойынша жедел іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатқанын ғана айта аламын", – деді ол.
Журналистер "профессор жалғыз баспанасынан айырылып қалуы мүмкін бе?" деп сұрады.
"Менің ойымша, ол баспанасыз қалмайды. Бұл баспана өзінікі. Алаяқтық әрекеттерге процессуалдық баға беріледі", – деп жауап берді Жандос Сүйінбай.
Сондай-ақ, ол пәтерді сатып алушылардың іске қатысы бар-жоғы да тексерілетінін айтты.
ҚазҰУ сайтындағы ақпаратқа сүйенсек, Кәкен Қамзин 1949 жылы 13 маусымда сол кездегі Талдықорған облысы Алакөл ауданының Қарлығаш ауылында дүниеге келген. Журналистика факультетінің "Баспа ісі және электрон БАҚ" кафедрасының доценті, ол өзі оқыған жоғары оқу орнында сабақ береді.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз