Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Хабар» Агенттігін 30 жылдық мерейтойымен құттықтады. Министр агенттіктің отандық медиакеңістікті дамытуға қосқан елеулі үлесін атап өтті. Осы уақыт ішінде «Хабар» жай ғана жаңалық көзі емес, миллиондаған көрерменнің күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналғанын айтты.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- Құрметті әріптестер, қадірлі достар! Сіздерді «Хабар» Агенттігінің 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Егемен еліміздің қалыптасуына куә болған әрбір қазақстандық үшін Хабар ақпарат әлеміндегі алғашқы қарлығашқа айналып, осы күнге дейін сенімді серігі болып келеді. 30 жыл көрермен жүрегіне апарар жолдағы үлкен белестің айғағы сіздердің жобаларыңыз – ұлттық телевизияның мақтанышы. Олар бірнеше буын ұрпақтың жасампаз және отаншыл жастар болып қалыптасуына зор үлесін қосып келеді.
Арнада жүзеге асқан жобалар – ел азаматтарының ерік-жігері мен Отанға деген сүйіспеншілігін, келешек ұрпақ үшін жасаған еңбегін ерекше шабытпен жеткізе білген бірегей туындылар. Өз ісіне адал, ардагер журналистерге шексіз алғысын жеткізген министр кәнігі мамандардың әлі күнге дейін ел мен саланың дамуы үшін еңбек етіп жатқанын тілге тиек етті. «Арамыздан ерте кеткен қаламгерлерді үлкен сағынышпен еске аламыз», – деді Аида Балаева.
Аида Балаева, ҚР Мәдениет және ақпарат министрі:
- 30 жыл ішінде Хабар заман талабына сай жетіліп, кәсіби тұрғыда жаңа дейгейге көтерілді. Осы үрдістің нәтижесінде жедел жаңалықтар жаршысы «Хабар 24» арнасы дүниеге келді. Цифрлық кеңістікте де арна белсенді жұмыс істеп келеді. YouTube платформасындағы «Хабар» арнасы миллиондаған көрерменге жол тартып, сапалы қазақтілді контент көзіне айналды. «Хабар» ұжымына шығармашылық табыс, алдағы уақытта да көрермен сеніміне ие болып, кәсібиліктің, сапаның үлгісі бола беруді тілеймін.