The New York Times басылымы Teniz Capital инвестициялық банкінің сараптамалық есебіне сілтеме жасай отырып, АҚШ-тың жаңа сауда саясатын сынға алды.

Газет атап өткендей, Вашингтон сауда тарифтері арқылы кедергілер орнатып жатқанда, Қытай мен Ресей Орталық Азиямен тұрақты серіктестік орнатуға ұмтылып отыр.

Басылым Teniz Capital деректерін келтіре отырып, Трамп әкімшілігінің енгізген 25%-дық баж салығы Қазақстан экспортының жалпы көлемінің шамамен 5%-ына ғана әсер ететінін, яғни 100 миллион доллардан аз сома екенін жазады.

Жақында Қытай төрағасы Си Цзиньпинмен кездесуінен кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты байланыстардың "алтын дәуірге" енгенін атап өтті. Ол Бейжіңнің әріптестік орнату үшін ешқандай саяси шарт қоймағанын да айтты.

"Аймақтағы көптеген елдер АҚШ-ты Қытай мен Ресейге қарсы теңгеруші күш ретінде қабылдады. Алайда, соңғы әрекеттер бұл көзқарасты өзгертуі мүмкін", – делінген сараптамада.

Айта кетейік, АҚШ президенті Дональд Трамп Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған хатында 1 тамыздан бастап АҚШ-қа экспортталатын бірқатар қазақстандық өнімдерге баж салығы 25%-ға дейін артатынын хабарлаған болатын.

Айым Алмасқызы