«Славян базары» байқауының жеңімпаздары елге оралды. Беларусь елінде өткен өнер додасында ел мерейін көтерген таланттар бүгін таңертен Алматыға келді.
Халықаралық байқауда Гран-при иеленген Алмагүл Батталиева мен жас өнерпаз Мирас Нағашыбайды әуежайдан жанкүйерлері ыстық ықыласпен қарсы алды. «Славян базары» байқауына қатысу – менің үлкен арманым. Өнер дордасына жолдама алу үшін ұлттық іріктеуге сегіз мәрте өтінім жолдадым», — дейді Алмагүл Батталиева.
Дарынды әнші финалдық кезеңде 137 ұпай жинап, үздік атанды. Ал Мирас Нағашыбай балалар байқауында ел намысын қорғады. 1-орын иеленген жас өнерпаз «Тоқты мен серке» мультфильміндегі «Ақтамбердінің жыры» термесін эстрадалық өңдеуде орындап, көрермен мен қазылар алқасының ерекше ықыласына бөленді.
Алмагүл Батталиева, «Славян базары – 2025» халықаралық байқауының гран-при иегері:
Бізде талантты әншілер өте көп. Іріктеуден өту — екінің бірінің қолынан келе бермейді. Халқымның, елімнің намысын қорғау — мен үшін үлкен жауапкершілік. Екіншіден, мен үшін үлкен мәртебе. Сенімдеріңізді ақтадым деген үміттемін.
Мирас Нағашыбай, «Славян базары – 2025» халықаралық балалар байқауының жеңімпазы:
5 жастан бастап ән айтып келе жатырмын. Осы күнге дейін мені анам дайындаған болатын. Ендігі мақсат – ешқашан берілмей, алға қадам басып, үлкендердің категориясындағы «Славян базарында» топ жары.
Айдана Қуантхан