Данияр Елеусінов кезекті рет жеңіске жетті. Қазақстандық кәсіпқой боксшы Америка төрінде жергілікті Джеймс Бэйкомен жолықты. Жекпе-жек үшінші раундта нокаутпен аяқталды.
Сәкен Бибосынов кәсіпқой рингте жеңіске жетті
Сәкен нокаутпен жеңді. Қазақстандық Сәкен Бибосынов кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуін сәтті өткізді. Ол Қырғызстан астанасы Бішкек қаласында өткен жекпе-жек кешіне қатысып, филиппиндік Кристиан Леганмен жұдырықтасқан болатын. Қарсыласы кәсіпқой бокста 10 кездесу өткізіп үлгерген. 6 рет жеңіске жетіп, 4-еуін уақытынан бұрын аяқтаған. Қалған кездесулерінде тең түскен. Сәкен мен Кристиан арасындағы айқас алты раундқа жоспарланған еді. Алайда, Сәкен қарсыласын алғашқы раундта қатты соққысымен сұлатып, техникалық нокаутпен жеңіске жетті. Қазақстандық боксшы жекпе-жектен кейін әлеуметтік желідегі парақшасына «бұл — тек бастамасы» деген жазба қалдырды. Ал, енді ол алдағы уақытта кәсіпқой боксқа толыққанды ауыса ма, жоқ па, әзірге белгісіз. Айта кетейік, Сәкен Бибосынов әуесқой бокста да біраз белесті бағындырды. Ол 2021 жылы Әлем чемпионы атанды. Дәл сол жылы Токио Олимпиадасында қола жүлдеге ие болды. Бұған қоса, ол — Азия чемпионатының екі дүркін жүлдегері.
Бокстан Азия чемпионатына кімдер қатысады?
Ұлдардан Бексұлтан Боранбек пен Аман Қонысбеков, ал, қыздардан Элина Базарова мен Бақыт Сейдіш шаршы алаңға шығады. Тура он күннен кейін Тайландтың Бангкок қаласында бокстан жасөспірімдер және жастар арасындағы Азия чемпионаты басталады. Бұл — World Boxing ұйымының 17 және 22 жасқа дейінгілер арасындағы алғашқы құрлықтық жарысы. Оған 26 елден 400-ге жуық спортшы қатысады. Оның ішінде, әсіресе, Өзбекстан, Жапония, Үндістан, Тайланд, Қытай сияқты елдердің өкілдері бар. Қазақстан тарапы да бұл жарысқа ең үздік қыз-жігіттерін апарады. Қазірдің өзінде ұлттық құрама жасқаталып үлгерді. Жастар арасында ұлдардан Нұрзат Оңғаров, Бексұлтан Боранбек, Санажарәлі Бегалив, Илья Калинин, Аман Қонысбеков, Нұрбек Мұрсал, Темірлан Мұқатаевтар ел намысын қорғайды. Айта кетейік, оларды олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев жаттықтырып жатыр. Ал, қыздардан Гүлназ Бөрібаева, Элина Базарова, Виктория, Байдукова, Бақыт Сейдіш, Аружан Жаңабаева, Шұғыла Нәлібайлар жұдырықсатады. Елдос Сайдалин баптайтын бұрымды боксшылар қазір жарыс алындағы жаттығуды пысықтауда. Бұған қоса, Мақсат Бақтыбазаров пен Жангелді Ахметов жетекшілік ететін жасөспірімдер құрамасы бар. Олар да қызу дайындықққа кірісті және барлық салмақта бақтарын сынайды.
Футболдан әуесқойлар лигасы басталды
Қарапайым дәнекерлеуші мен жиһаз жинаушы, құрылысшы мен кәсіпкер не дәрігер мен мұғалім кәсіпқой футболға аяқ баса алады. Осы мақсатта Қазақстан футбол федерациясы әуесқойлар лигасын ұйымдастырды. Оған ә дегеннен 268 команда команда тіркеліп, еліміздің түкпір-түкпірінде өзара мықтыны анықтауға кірісті. Әр аймақтың үздіктері күзде елордаға жиналып, бас жүлдені сарапқа салады. Қатысушыларға қойылатын басты талап – жасы 16-дан жоғары болуы керек және ол кәсіпқой футболшы болмауы қажет. Матчтар үлкен футболдың алаңында 11/11 форматында өтеді. Жеңіске жеткен команда кәсіпқойлармен бірге Қазақстан чемпионатына және Қазақстан кубогына қатысуға мүмкіндік алады. Айта кетейік, футбол федерациясының басшысы Марат Омаров «Біздің елде талантты жігіттер көп. Олардың алдындағы кедергілер де көп. Соларды барынша жойып, қолдау танытуымыз қажет» — деген болатын. Әуесқойлар лигасы аталмыш мақсатқа қол жеткізуге көмектеседі дейді жарысқа қатысушылар.
Александр Бублик рейтингілік турнирде топ жарды
Бублик рейтингілік турнирде топ жарды. Швейцарияның Гштад қаласында теннистен ATP 250 санатындағы жарыс өткен болатын. Ерлер арасындағы бәсекеде қазақстандық Александр Бублик барлық қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, бас жүлдені жеңіп алды. Ол финалда аргентиналық Хуан Мануэль Серундоломен жолыққан болатын. Тартысты өткен матч 6:4, 4:6 және 6:3 есебімен аяқталды. Осылайша, Бублик кәсіпқой мансабында алтыншы титулына қол жеткізді. Ол соңғы бір айдың өзінде екінші мәрте рейтингілік турнирде топ жарып тұр. Осының арқасында әлемдегі үзіктер тізімінің алдыңғы отыздығына кіреді. Айта кетейік, Гштад қаласындағы жарыстың жалпы жүлде қоры 596 мың еуроны құрады.