Чирово елді мекенінде кезекте тұрғандарға баспана кілттері табысталды. Осылайша «Қаладан ауылға» бағдарламасы мұқтаж жандарды үймен қамтып қоймай, елді мекендерді сақтап қалуға ықпал етуі тиіс.

Чирово ауылы облыс орталығынан 70 шақырымда орналасқан. Алайда жыл сайын елді мекенде тұрғындар сиреп барады. Жастар ауылда тұрақтамайды. Қазір мұнда 500 адам қалған. «Бір кезде үш есе көп еді», — дейді ауылдың байырғы тұрғыны Дәметкен Тасметова.

Дәметкен Тасметова, Чирово ауылының тұрғыны:

- 1963 жылы Ресейден көшіп келдік. Ол кезде тұрғындар көп болатын. Қазір зейнеткерлер қалды десе болады. Жастарға жұмыс жоқ. Бірақ жағдайымыз жаман емес. Газ берді, су құбырын жүргізді.

Ауылды сақтап қалу үшін былтыр мұнда үлкен құрылыс басталды. Алдымен екі пәтерлі бес үй тұрғызылды. Жаңа баспана көпбалалы және әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларға берілді. Жақында тағы төрт пәтер санады.

Николай Штык, Чирово ауылдық округының әкімі:

- Жұмыстар кестеге сай жүргізіліп жатыр. Технологиялар толық сақталып отыр. Әрбір үйдің аумағы 80 шаршы метр. Газ жүргізілген, су келіп тұр. Газ плиталары мен сантехникасын орнатамыз. Тұрғындарға дайын үйдің кілтін табыстаймыз. Аймақта тұрғын үй қорын жаңарту жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Жергілікті билік әсіресе мемлекеттік қолдауға мұқтаж тұрғындарды баспанамен қамтуға ерекше мән беріп отыр. Оларға былтыр 110 ауылдан 14 млрд теңгеге 805 баспана сатып алынды. Биыл құрылыс компанияларына тағы 555 пәтерге таырыс берілді.

Парасат Жұмағалиев, Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:

- Бүгінгі таңда аталған үйлер облысымыздың 12 ауданында сонымен қатар облыс орталығында құрылысы жүріп жатыр. Орал қаласында 70 пәтер жоспарланған сатып алу. Аталған тұрғын үйлерге республикалық бюджеттен 2,8 млрд теңге қаражат бөлінген. 5,5 млрд теңге мемлекеттік бағалы қағаздардан бөлінді.

Былтыр облыста «Қаладан ауылға» атты пилотты бағдарлама іске қосылды. Оның мақсаты – жас мамандар мен көпбалалы отбасылардың ауылдық жерлерге оралуына жағдай жасау. Осы күнге дейін 104 оасына баспана берілді.

Бибігүл Қонысбаева, Стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы:

- Былтыр 57 елді мекенді бекіттік. Ауылға 519 адам, соның ішінде 326 бала көшті. Басым бөлігіне баспана берілді, тек 20 отбасы әзірге уақытша пәтерде тұрып жатыр. 119 адам жұмысқа орналасты, 3 адам жеке кәсібін ашты.

Биыл жергілікті билік тағы 120 отбасын ауылға көшіруді жоспарлап отыр. Қоныс аударушылар бағдарламаға енген 96 елдімекеннің ішінен өзіне қолайлысын таңдай алады.

Авторлары: Альбина Құмарғалиева, Қалыбек Акрап