Ұлттық банктің алтын қоры астаналық аффинаж зауытының 30 мыңыншы құймасымен толықты, деп хабарлайды 24KZ. Еліміздің экономикалық тұрақтылығына үлес қосып келе жатқан кәсіпорын үшін бұл елеулі оқиға.

Астананың еркін экономикалық аймағында орналасқан аффинаж зауытында алтың өңдеудің ең үздік технологиясы қолданылады. Мәселен, Қазақстанның кен орындарынан жеткізілетін шикізат мына цехта балқытылып, бір қабат тазартылады. «Мұндағы өңдеу процесі толығымен автоматтандырылған», – дейді металлург Қожан Мұратбеков.

Қожан Мұратбеков, өңдеу цехының инженер-технологы:

- Қазір оңай ғой. Бұрын қолдан «кувалда» түспейтін. Күрек түспейтін. Қазір ондай ұстамаймыз ғой. Жеңіл қазір жұмыс, жақсы. Алтынды саласың пешке, болды. Пеш өзі балқытады. Оның температурасын ғана тексересің.

Бастапқы өңдеуден өткен соң шикізаттан бағалы металл алынады. Құрамында 96% алтыны бар құйманы пештен шығарған соң цех мамандары оны алдымен суытып, содан кейін шлактан тазартады.

Бағалы металл келесі цехта электролиздік өңдеуден өтеді. Нәтижесінде гранула немесе осындай пластина түріндегі таза өнім алынады. Соңғы кезеңде алтын тағы да балқытылады. Суық күйінде арнайы пешке салынған құнды металл сол пештен дайын құйма түрінде суытылып шығады. Мамандар өнімді алдымен бумен жуып, спиртпен сүртеді. Бұдан соң 99,99% алтын құймасына зауыттың таңбасы, шығарылған күні басылады. Бүгін біз 30 мыңыншы құймаға таңба салу рәсіміне куә болдық.

Дәурен Омаров, бизнесті қамтамасыз ету жөніндеп директор:

- Біздегі алтын құймасының өндірісі жылдан жылға ұлғайып келеді. Осымен тоқтап қалмаймыз. Өндірістік процесті жетілдірумен қатар еңбек жағдайын да жақсартпақпыз. Кәсіпорынның дамуына қатысты ауқымды жоспарымыз бар.

Ұлттық банк қорына жөнелтілетін алтын құймалары, міне, осы. 9999 белгісі бар ең жоғары сынамадағы алтын құймасының, мысалы, мына бір үлгісін қарайтын болсақ, сырт көзге жеңіл әрі шағын болып көрінгенімен, салмағы зілдей ауыр. Бір келі тартады.

Зауыт әу баста жылына 25 мың тонна алтын өңдейді деген жобамен ашылған еді. Қазір өндіріс қуаты екі есе өсіп, 60 мың тоннаға дейін жетіпті. Мұнда 12 жылда еліміздің ұлттық банкінің алтын-валюта қорына 360 мың тоннаға жуық алтын жөнелтілген.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Артур Горшняков