Алматыда жеңіл атлетикадан Орталық Азиядағы ең ірі халықаралық жарыстардың бірі – XXXIV Ғұсман Қосанов Мемориалы басталды. Алғашқы жарыс күнінің қорытындысы бойынша қазақстандық спортшылар бірнеше медаль жеңіп алды. Бұл туралы Қазақстан жеңіл атлетика федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.

400 метрге жүгіруден Александра Залюбовская (54.04), сырықпен секіруден Иван Товченик (5.40 м) және биіктікке секіруден Надежда Дубовицкая (1.84) алтын медаль иеленді.

Күміс жүлдегерлер қатарында Виктория Ан (100 метр, 12.02), Аделина Земс (400 метрге кедергілер арқылы жүгіру, 57.85), Әділ Омарбеков (400 метрге жүгіру) және Ақбілек Құралбай (1500 метр, 4:37.0) бар.

Сондай-ақ 4×100 метрге жүгіру эстафетасында Қазақстан ерлер құрамасы (Виталий Земс, Алмат Төлебаев, Дамил Сүтжанов және Әділ Омарбеков) күміс медальға қол жеткізді. Ал әйелдер эстафетасында Виктория Ан, Мария Ефремова, Аделина Земс пен Александра Залюбовскаядан құралған Қазақстан-1 командасы екінші орыннан көрінді. Арина Мишеева, Кристина Ермола, Валерия Сафонова мен Алина Чистякова төрттігі (Қазақстан-2) үшінші орынға көтерілді.

Турнирдің қола жүлдегерлері: Иван Иванов (ядро итеру, 19.12), Евгений Лабутов (диск лақтыру, 56.05), Надежда Богданова (ядро лақтыру, 11.38), Елнұр Мұхитдинов (400 метр, 47.50), Игорь Хрунин (1500 метр, 3:55.18).

Отандық жеңіл атлеттер. Фото: Қазақстан жеңіл атлетика федерациясы

Айта кетелік, Ғұсман Қосанов Мемориалы World Athletics Continental Tour Bronze Level санатына енген халықаралық маусымдағы маңызды жарыстардың бірі саналады. Федерация өкілдері турнирдің өтуіне Спорт және туризм индустриясын қолдау қоры — Sport Qory мұрындық болғанын және биыл турнир 2-3 тамыз аралығында Олимпиадаға даярлау орталығында өтіп жатқанын мәлім етті. Турнирге қатысуға жалпы есебі 17 мемлекеттен 214 спортшы келген. Бұған дейін федерация президенті Ольга Рыпакова аталған жарыс арқылы оның спорттағы жолы басталғанын айтқан болатын:

"Ғұсман Қосанов – Олимпиада жүлдесін алған тұңғыш қазақ атлеті. Бұл жарыс менің спорттағы жолымды бастаған маңызды турнирлердің бірі. Жарысқа толық дайынбыз!", — деді Ольга Рыпакова.

Жарыс барысында спортшылар қыркүйек айында Жапонияда өтетін әлем чемпионатына рейтингілік ұпайлар жинайды.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз