Павлодарда осы жылдың көктемінде пайдалануға берілген көпқабатты үйлерден ақау шыға бастады. Төбеден су кетіп, қабырғаларындағы жарықтардан жел үрлеп тұр. Осы қалпымен қыста тіпті қиын болар түрі бар, дейді тұрғындар.

Ибраевтар отбасы 15 жыл кезекте тұрып, баспаналы болды. Жаңа пәтерге мамыр айында көшіп келген. Маусым мен шілдедегі ақ жаңбырлар абыржытып жіберді. Төбеден, терезедегі саңылаудан су кіреді, дейді.

Қайыргүл Ибраева, қала тұрғыны:

Біз осы үйді қаншама жыл бойы кезекте тұрып алдық. Тегін алған жоқпыз, ипотекаға алдық. Ай сайын коммуналдық қызметі мен ипотекасын төлеп тұрамыз.

Бұл – «Достық» мөлтек ауданына қарасты үйлер. Мұнда жыл сайын жаңа нысандар салынады. Баспана негізінен тұрмысы төмен отбасылар мен пәтер кезегінде тұрғандарға беріледі.

Фатима Қадымова, Мүлік иелеріне қызмет көрсету бірлестігінің директоры:

Мына кіреберістердегі өрттен құтқаруға арналған балкондарды жауып тастаған. Жақында ғана 9 жастағы жеткіншек құлап, қайтыс болды. Аулаларға орындық, қоқыс тастауға арналған жәшіктер қойылмаған.

Бұл үйдің балконынан осыған дейін үш рет жасөспірімдер құлапты. Техникалық қауіпсіздік шарты бойынша оны тормен жабуға болмайды, дейді мамандар. Ал басқа кемшіліктерді мердігер өз есебінен жөндемек.

Арман Асылханов, қалалық Құрылыс бөлімі басшысының орынбасары:

Егер кепілдік міндеттемелер шеңберінде мердігер мекеме кемшіліктерді жоймаса, құрылыс бөлімі және құрылыстың басқа да тапсырыс берушілері өз құқын пайдаланып, мәжбүрлеп жою туралы сотқа талап-арыз түсіреді. Соңында мердігер ұйым жауапкершілікке тартылады және ақауды жоюға мәжбүр болады.

«Достық» мөлтек ауданында көпқабатты төрт үй салынып жатыр. Оның екеуі биыл, тағы екеуі келер жылы пайдалануға беріледі. Яғни, 300-ге жуық отбасы баспаналы болады. Үйлердің сапасын енді арнайы құрылған комиссия бақылайтын болады.

Болат Аманбаев