Оңтүстік кореялық компаниялар «Астана» халықаралық қаржы орталығына қосылуға шақырылды.
Сеулде Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерін таныстыруға арналған іс-шара өтті. Кездесудің басты тақырыбы – креативті индустриядағы Қазақстан-Корея ынтымақтастығы.
Қазақстанның инвестициялық мүмкіндіктерінің таныстырылымына 50-ден астам жергілікті компания өкілдері шақырылды. Сеулдегі елшіміз Нұрғали Арыстановтың айтуынша, былтыр Оңтүстік Кореяның Қазақстан экономикасына тікелей инвестициясы шамамен 1 миллиард 200 миллион АҚШ долларына жетіп, ресми Сеул еліміздегі ең ірі инвесторлардың тізімінде үшінші орынға шықты. Қос мемлекет арасындағы тікелей әуе рейстерінің саны да артып келеді.
Нұрғали Арыстанов, ҚР Корея Республикасындағы елшісі:
- Қазақстан мен Кореяның негізгі қалалары арасында аптасына 15 рейс бар. Алматы мен Астана Сеулге тікелей ұшып барып келе алады. 29 мамырдан бастап Шымкент – Сеул тікелей рейсі іске қосылады. Сондай-ақ Eastar Jet авиакомпаниясы Пусаннан Алматыға тікелей рейс ашады.
Ли Чжу Вон, консалтинг компаниясының директоры:
- Маған Қазақстаннан мыс импорттауға қызығушылық білдірген компаниялар жүгінді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, тоқыма өнеркәсібі және құрылыс жобаларына қызығушылық танытқан адамдар болды. Мен сонымен қатар қазақстандық студенттердің корей технологиясын үйреніп, ал корейлік студенттердің Қазақстан мәдениетін меңгеруі үшін білім саласында ынтымақтастық орнатуды жоспарлап отырмын.
Форумның басты тақырыбы креативті саладағы ынтымақтастық болды. Оңтүстік кореялық продюсерлер алдында Қазақстанның музыка және кино индустриясының өкілдері сөз сөйледі.
Евгений Кочетов, ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі:
- 2024 жылдың соңына қарай қазақстандық фильмдер прокаттан шамамен 5 миллион доллар табыс тапты, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 30%-дан астам өсімді көрсетеді. Бұл үрдіс одан әрі жалғасады деп күтеміз. Біздің елдің креативті индустриясы шығатын нарық, ең консервативті бағалаулар бойынша 1 миллиард 690 миллион адамнан асады. Бұл ТМД елдерінің және Қытай сияқты жақын көршіміздің халқын қамтиды. Димаш Құдайбергеннің жетістігі осы әлеуеттің тамаша мысалы.
Ренат Бектұров, АХҚО басқарушысы
- Бізде МФЦА-да алғаш фильм қоры құрылды, «Толқын» фильм қоры ол бар, яғни жаңа киноларға инвестиция жасауға мүмкіндік бар. Бұл тек қана бірінші фонд болғанымен әлі де көптеген осындай ұйымдар құрылады деп ойлаймыз. Соның ішінде кореялық инвесторларды тартсақ, өйткені олар креативтік индустриян біледі, қалай пайда табуы екен деген түсінеді.
Былтыр Астана халықаралық қаржы орталығының мұндай инвестициялық таныстырылымдары Сингапур, Дубай және Лондонда өтті. Бұл Қазақстанға шетелдік инвесторлардың қызығушылығын айтарлықтай арттырды. Егер 2024 жылдың қыркүйегінде АХҚО-да шамамен 3 мың компания тіркелген болса, қазір олардың саны 3900-ден асты.
Владислав Цой, Ольга Лян