Бәсі жоғары түлектер грантқа ие болдық деп қуанып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

11 жылдық еңбектің нәтижесін білу үшін түлектер өздерін бейнекамераға түсіріп, алған әсерін әлеуметтік желідегі ағайынмен бөлісті. Гранттың басым бөлігі инженерлік және техникалық бағытты таңдағандарға бұйырды.

«Грант иегерлері анықталды» деген ақпар шыққан бойда түлектер өздерін таңдаулылар тізімінен іздеуге асықты. Асығы алшысынан түскендер, әлбетте, сүйінші жаңалығын жақындарымен бөлісіп, үкілеген үміттің ақталғанын жеткізді. Бағы мен бабы қатар шапқандардың сапында Аяна Асылғазы да бар.

Аяна Асылғазы, мемлекеттік грант иегері:

- 2 жыл күні-түні біздің мақсатымыз болған, арманымыз болған осы бір сәт деп ойлаймын. Бұл алдағы өмірге басатын қадам әр түлек үшін. Сондықтан бұл тізімде өзімді көрген сәт сөзбен сипаттауға келмейді. Ол шексіз қуаныш. Ата-анаңның алдында ақталған үміт, ұстаздарыңның бойыңа сіңірген жемісі. Керемет сезімдер.

Жетісулық Адина Қарабаева да мемлекеттік қолдауға ие болғандар қатарынан табылды.

Адина Қарабаева, мемлекеттік грант иегері:

- Мен қаржыгер мамандығына І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетіне грантқа түскен болатынмын. Енді алдағы мақсатым – сол қаржы мамандығы арқылы әр түрлі банкте жұмыс істеу.

Желіге жүктелген бейнекадрлар ішінде, грантқа іліге алмаған түлектер де ұшырасты. Сағы сынып, мақсаты – мұқалғандай күйдегі жеткіншектерге желідегі жұртшылық жігерін жанып, барынша қолдау білдіруге тырысты.

Адина Қарабаева, мемлекеттік грант иегері:

- Грант бұл соңы емес. Түспеген адамдар, уайымдамаңдар. Әлі өмір алда.

Иә, бұл бұралаң-бұлтарысқа толы үлкен өмірдің бір ғана кезеңі, сынағы ғана. Сынаққа сынбай, одан тек сабақ алғандар ғана өтпелі өмірдің бұдан да үлкен жемісіне қол жеткізері сөзсіз.

Авторы: Назым Қайрат