Түркістан облысында жаңа оқу жылында 16 «Келешек мектеп» пайдалануға беріледі, деп хабарлайды 24kz.

Ал білім ұяларын жаңғырту жобасына 115 мектеп енгізілді. Жоспар бойынша биыл 56 мың бала мектеп табалдырығын аттайды.

Өңірде «Келешек мектептер» ұлттық жобасы аясында 29 мектеп салу жоспарланған. Былтыр соның 13-і пайдалануға берілді. Қалғаны жаңа оқу жылында қолданысқа берілмек. Соның бірі Сұлтанбек Қожанов ауылында бой көтерді. 300 орындық білім ұясы барлық қажетті заманауи құралдармен жабдықталған.

Абай Ақжанов, С.Қожанов атындағы жалпы білім беретін мектеп директоры:

- Стандартты спорт зал, жүз балаға бір мезгілде тамақ беретін асхана, 115 орындық акт залы, хореографиялық бөлмелер бар. Сонымен қатар атаулы кабинеттер, физика, химия, биология, STEM кабинеттері, қазіргі заманауи технологияға байланысты. IT робототехника кабинеттері бастауышқа бөлек, жоғары сыныптарға бөлек кабинеттер орналасқан.

Бұдан бөлек, мектептерді жаңғырту жобасына 115 мектеп енді. Жаңа оқу жылына дейін 21 оқу ордасы күрделі және ағымдағы жөндеуден өтіп болады. Қазір Ататүрік атындағы N17 мектеп-гимназиясында күрделі жөндеу жұмыстары 85%-ке аяқталды. Шатырынан бастап сыртқы қасбетіне дейін ауыстырылды.

Сүндетәлі Садуақасов, құрылыс нысанының бастығы:

- Сыртқы жұмыстар бордюрлар қойылып жатыр, асфальт дайындалып жатыр. Ішкі әрлеу жұмыстары жасалып жатыр. Еденнің барлығы бұзылып, төсем құйылып, кафель жапсырылып жатыр. Есіктер қойылып, терезелер ауыстырылып жатыр. Линолеум төсеп, тамыздың 15-і күні толық бітіреміз. Қазір нысан басында 120 адам жұмыс істеп жатыр.

«Жалпы реновациялық жұмыстар кезең-кезеңімен 2027 жылға дейін жүргізіледі», — дейді мамандар. Өңірде жаңа оқу жылында 56 мың бала мектеп табалдырығын аттайды.

Айгүл Қасымбекова, білім басқармасы басшысының орынбасары:

- Жаңа оқу жылына дейін барлық білім беру ұйымдары биылғы жылға жоспарланған оқу-құралдарымен толық қамтамасыз етілетін болады. Білім беру ұйымдарының 98%-і қауіпсіздік жүйелеріне, полиция депаратментінің жедел басқару орталықтарына қосылған. Балабақша, мектеп, колледж ұйымдарының барлығын 100% қауіпсіздік жүйелеріне қосу жұмыстарын 1 қыркүйекке дейін аяқтаймыз деп тиісті жұмыстарды атқарып жатырмыз.

Жалпы өңірде екі үш ауысымды және бір апатты мектеп бар. Жауаптылар олардың мәселесі қосымша ғимарат салу арқылы шешілетінін айтты.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш