Бүгін Алматы облысы Үлкен ауылында алғашқы Атом электр станциясының құрылысы ресми басталды. Аталған елдімекенге Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалаиев, ресейлік «Росатом» корпорациясының бас директоры Алексей Лихачев арнайы келді. Мамандар алдын ала таңдалған аумақтардан топырақ сынамаларын алды.
Айдана Қуантхан, тілші:
Үлкен ауылындағы дәл осы аумақта ірі Атом электр станциясын салу бойынша алғашқы жұмыстар басталды. Ол үшін үш аумақ таңдалып алынды. Дәл қазір менің ту сыртымда тереңдігі 30-дан 120 метрге дейін жететін 50 ұңғыма бұрғыланды. Мамандар топырақ сынамаларын алып, оның геологиялық, гидрологиялық, экологиялық сипаттамаларын жан-жақты тексереді. Жер сілкінісіне төзіміділігі мен қауіпсіздігі ескеріледі. Зерттеу жұмысы – 2 жылға созылады. Нәтижесінде станцияның нақты орналасатын аумағы белгіленеді, дейді мамандар.
Алексей Лихачев, «Росатом» мемлекеттік корпорациясының бас директоры:
Үлкендегі инженерлік іздестірулердің басталуы – Қазақстанның заманауи тарихындағы ірі қуатты атом электр станциясына бастайтын жолдың алғашқы қадамы. Бұл кезеңде біз алаң болашақ атом станциясы үшін толықтай қолайлы екеніне сенімді болу мақсатында мұқият зерттеуге баса назар аударамыз.
Айдана Қуантхан, тілші:
Атом электр станциясы 8-10 жыл аралығында салынады деп жоспарланып отыр. Станцияның қуаты – 1200 МВт-қа дейін жетеді. Ал су реакторының қызмет ету ұзақтығы – 1 ғасырға жуықтайды, дейді мамандар. Құрылыс кезінде 10 мыңға жуық жұмыс күші тартылмақ.
Әсет Махамбетов, ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары:
Станцияның экспуатация жасайтын персоналы шамамен 2 мыңдай адам. Сол 2 мың адамның барлығы қазақстандық азамат болады. Яғни, толыққанды біз өзіміздің кадрларды дайындап, болашақ АЭС жұмыс істеуіне алып келуіміз керек. 2 мың маманнан шамамен 200-300 ядролық физика маманы, энегертиктер, жылу электр станциясында жұмыс істейтін мамандар, химиктар керек.
Айдана Қуантхан, тілші:
Инвестициялық жобаның құны – 15 млрд АҚШ долларына бағаланып отыр. Оған қосымша 1 млрд АҚШ доллары әлеуметтік нысандарды салуға арнайы жұмсалады. Қазір «Үлкен» ауылында 2 мыңға жуық халық тұрады. АЭС құрылысы аяқталғанша халық саны 15 мыңға жетеді деген болжам бар. Сондай-ақ, мамандардың айтуынша, елімізде электр энергиясын тұтыну 3 пайызға артып отыр. Көбіне шет мемлекеттерден тасымалдаймыз. Кей кезде желілердің үзіліп, электр энергиясының жетпей қалуы да болып жатыр. Ал атом электр станциясы тұрақты, қауіпсіз энергияны қамтамасыз етеді, дейді мамандар.
Айдана Қуантхан