Шығыс Қазақстанда жыл соңына дейін жаңа мамандықтар атласы дайындалады , деп хабарлайды 24kz.
Бұл сұранысы жоғары кәсіптерді анықтап, соған сай маман дайындауға ықпал етпек. Бұл туралы аймақ тұрғындарымен кездескен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді. Өлкеде кадр тапшылығы өзекті. Кәсіпкерлік палатасы өкілдерінің мәліметінше, әртүрлі саланы қамтыған жалпы 8 мыңға жуық маман жетіспейді. Мамандықтар атласы болса, жұмыс берушілермен бірге жасалады. Демек оқу орны үшін де, мектеп түлектері үшін де нақты бағыт-бағдарды айқындап береді. Әзірге маңызды құжат еліміздің 10 өңірінде ғана бар.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
- Карта Атластың негізгі мақсаты – жоғары оқу орындарына, колледжерге және кәсіпорындар мен мемлекеттік органдарға толыққанды мамандық картасын дайындау. 15 өңірдің экономикасының сұранысын толыққанды қамтитын болады, бұл карта жыл соңына дейін бітеді.