Қытайда Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы аталып өтті.
Ұлы ақынның шығармалары мен еңбектері Бейжіңде дәріптеліп, насихатталды. Рухына тағзым етіліп, Абай оқулары ұйымдастырылды.
Ұлы ақынның ескерткіші Бейжіңнің қақ ортасындағы Чаоян саябағында тұр. Оның орнатылғанына биыл 11 жыл болды. Бүгінде бұл жер қазақтар жиі серуендеп рухани демалатын орынға айналған. Абайдың 180 жылдығын мерекелеуге арналған іс-шара ойшылдың ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Бұдан кейін мереке Абай оқуларымен жалғасты.
Ақбар Мәжитұлы, абайтанушы, жазушы:
- Абайды халық танып жатыр. Әсіресе қытай халқы. Қараңыз балалар оқып жатыр. Бұған өте әсерлендім. Өлеңдерін осылай әр тілде оқып шығу деген бұл да көп дүниені аңғартады. Бұл мәдениеттің дамыған кезеңі...
Бейжіңде жыл сайын жергілікті жұртшылықты Абайдың еңбектерімен таныстырып, оның шығармаларынан челлендж ұйымдастыру дәстүрге айналған. Ғұламаның 180 жылдығында оқушылар оның өлеңдерін қазақ және қытай тілдерінде оқыды. Бейжің халық аспаптар оркестрінің әртістері күй орындап, Абайдың әндері шырқалды.
Лу Мяо, Бейжің қаласының тұрғыны:
- Абай өлеңдері мен шығармалары қос тілде оқылды. Бұл екі ел арасындағы мәдени қарым-қатынастың көрсеткіші. Іс-шара кезінде Абай Құнанбайұлының мұрасымен таныстық. Ақынның шығармалары күні бүгінге дейін маңыздылығын жоғалтпаған. Біз үшін бұл мәні зор іс-шара. Қазақ өнеріне тәнті болдық. Әсіресе, музыкалық аспаптары ерекше әсер қалдырды.
Абайдың өзі де, сөзі де Қытайда кеңінен насихатталып келеді. Ойшыл туындыларының терең мазмұны, көзқарасы, әділеттілік пен адамгершілік туралы ойлары жергілікті философтар мен әдебиеттанушылардың қызығушылығын туғызып отыр.
Шахрат Нұрышев, ҚР Қытайдағы Төтенше және өкілетті елшісі:
- Қытайда Абайдың шығармашылығы кеңінен таралып, оның өлеңдер жинағы мен қара сөздері бірнеше рет басылып шықты. Қытайлық зерттеушілер Абайдың идеялары мен ойларын қазіргі заманғы әлеуметтік және философиялық мәселелермен салыстырып оның өзектілігін атап өтуде.
Бұл күнді атап өтуге бірқатар дипломатиялық миссиялардың басшылары, мемлекеттік мекемелер мен зиялы қауым және қазақ диаспорасының өкілдері қатысты. Меймандарға хәкім Абайдың жинақтары, оның қазақ философиясы мен әдеби тілді қалыптастырудағы рөлі таныстырылды.
Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын, 24KZ