Шымкентте қала әкімінің орынбасары Руслан Берденовке жасалған қастандық ісі бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Жәбірленуші алғаш рет онлайн режимде қатысып, оқиға жайлы толық мәлімет берді, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Берденовтің айтуынша, ол айыпталушы Ернар Жиембайды бар болғаны үш рет көрген – екі кеңесте және оқиға күні. Алғашқы секундтарда кімнің оқ атқанын аңғармағанын, бірақ қолындағы қаруды бірден байқағанын жеткізді.
«Мен көлікті айналып өтіп, еңкейіп үлгердім. Алғашқы оқ капот арқылы өтті. Артымнан тағы төрт оқ атылды, төртеуі де маған тиді. Ол қайта оқтап жатқанда, өзіме: «Егер дәл қазір тұрмасаң – өлесің» дедім. Біз Жиембаймен жағаластық. Қару қолында болды, бірақ оның жерге түскенін естідім. Кейін ол қашпақ болғанда, жүргізушім көлігімен келіп, оны қақты. Сол кезде қаруы болмады», – деді Берденов.
Ол сондай-ақ, айыпталушы қашқаннан кейін жанына қыздар жүгіріп келгенін, ал өзі сол сәтте кәлима айтып жатқанын атап өтті.
Сотта Жиембай бірнеше рет кешірім сұрап, Берденовпен диалогқа түсті:
Ернар Жиембай: «Мен сізді өлтіру үшін соншалық қатыгездік таныттым ба?»
Руслан Берденов: «Сен өлтіре алмадың, себебі мен қарсылық көрсеттім».
Ернар Жиембай: «Түрмеден шыққан соң еркекше келіп, кешірім сұраймын».
Руслан Берденов: «Егер еркек болсаң, әйеліңді бұл лас әңгімелерге араластырмас едің».
Берденовтің айтуынша, оның денесінде әлі де 61 бытыра қалып қойған. Соның бірі жүректен 13 см, екіншісі бүйректен небәрі 0,3 см, ал тағы бірі мойындағы басты артериядан 0,2 см жерде тұр. Дәрігерлерге ота кезінде бауырды қайта «құрастыруға» және өкпенің 20%-ын алып тастауға тура келген.