1995 жылдың 30 тамызы – ел жадында мәңгілікке сақталған күн. Дәл осы күні бүкілхалықтық референдум нәтижесінде қазіргі қолданыстағы Конституция қабылданды. Тарих беттерін парақтап, ата заңның қалай өзгергенін бір шолып өтелік.

Азамат Бейбітұлы, тілші:

Өткен отыз жыл ішінде Конституцияға алты мәрте түзету енгізілді: 1998, 2007, 2011, 2017, 2019 және ең ірісі – 2022 жылы. Әрбір өзгеріс – мемлекеттің саяси, әлеуметтік сұранысына жауап ретінде қабылданған тарихи шешім.

1998 жылы президенттік өкілеттік мерзімі 5 жылдан 7 жылға ұзартылды.

2007 жылы партиялық жүйе күшейтіліп, Мәжіліс сайлауы партиялық тізім бойынша өтетін болды.

2017 жылғы реформалар президенттік өкілеттіктердің бір бөлігін Парламент пен Үкіметке беруді көздеді.

2022 жылғы 5 маусымдағы референдум – конституциялық даму жолындағы бетбұрысты кезең.

2022 жылғы түзетулердің ауқымы ерекше: Конституцияның үштен бір бөлігіне – 33 бабына өзгеріс енгізілді. Бұл – «Суперпрезиденттік» басқару формасынан бас тартып, билік тармақтарының теңгерімін орнықтыруға, демократиялық институттарды нығайтуға бағытталған маңызды қадам.

Соңғы өзгерісті жіліктей түссек:

Президенттің саяси партияда болуына тыйым салынды;

Сенат пен Мәжілістің құрылымы мен өкілеттігі қайта қаралды;

Конституциялық кеңестің орнына Конституциялық сот құрылды;

Азаматтарға Конституциялық сотқа тікелей жүгіну құқығы берілді;

Жер мен табиғи ресурстар халыққа тиесілі деп заңмен бекітілді;

Тұңғыш Президентке қатысты арнайы нормалар алынып тасталды.

Бұл өзгерістер – тек құқықтық түзетулер емес, ел болашағын айқындайтын саяси жаңғырудың өзегі.

Азамат Бейбітұлы