Ислам Сәтпаев – Азия чемпионы. Шымкент қаласында спорттық ату түрлерінен құрлықтық дода жалғасып жатыр.
Жарыстың кезекті күні пневматикалық винтовкамен 10 метрден нысана көздеу бәсекесі ұйымдастырылып, қазақстандық Ислам Сәтпаев ең үздік нәтиже тіркеді. Ол финалда 250 ұпай жинады. Екінші орынға 249 ұпаймен қытайлық Лу Дингке жайғасса, 228 ұпай жинаған кореялық Пак Хаджун үздік үштікті түйіндеді. Айта кету керек, Ислам екі дүркін Азия чемпионы атанып отыр. Ол 2021 жылы дәл осы Шымкентте өткен құрлықтық жарыста да топ жарған болатын. Исламның алтынынан бөлек, қоржымызда бір күміс пен бір қола бар. Оны стенд ату шеберлері жеңіп алды. Әйелдер арасындағы командалық сында Анастасия Молчанова, Әдель Садақбаева және Ольга Хайлова үштігі күміс жүлде жеңіп алды. Артынша жекелей сында Анастасия Молчанова қола жүлдеге қол созды. Бұл ересектер арасындағы нәтижелер. Бұған қоса, жастар және жасөспірімдер арасындағы жарыстар паралель өтіп жатыр. Шымкенттегі Азия чемпионатына 27 елден бас-аяғы 800-ге жуық сұрмерген жиналды. Олар енді 30-шы тамызға дейін өзара мықтыны анықтайды.
Әуесқойлар лигасының үздігі анықталды
«Мақтарал» аймақ үздігі атанды. Түркістан облысында футболдан әуесқойлар лигасының іріктеу кезеңі мәресіне жетті. Бұл өңірде жарысқа рекордттық деңгейде, яғни 186 команда қатысқан болатын. Ал олардың қатарындағы футболшыларды жалпы саны 3300-ге жуықтайды. Жергілікті футбол федерациясы барлық команданы 4 топқа бөліп, алдымен аудандар мен қалаларда өзіндік ріктеу өткізді. Кейін үздік шыққан командалар Түркістан төріндегі «Түркістан Аренада» бас қосып, бас жүлдені сарапқа салды. Айналмалы жүйе бойынша өткен финалдық кезеңде Мақтарал ауданының жігіттері жеңіске жетті. Сәйкесінше енді олар алдағы күзде респбуликуалық жарыста бақ сынайды. Екінші орын «Түркістан», үшінші орын «Ордабасы» жігіттеріне бұйырды. Айта кету керек, финалдық матчтарды тамашалауға 4 мыңнан аса жанкүйер жиналды. Бұл да әуесқойлар лигасы аясындағы өзіндік рекорд.
Боксшылар әлем чемпионатына аттанды
Қазақ қыздары Англияға аттанды. Бірер аптадан кейін Ұлыбританияның Ливерпуль қаласында бокстан әлем чемпионаты басталады. Жылдың басты бәсекесіне қазақстандық қыздар мен жігіттер тыңғылықты дайындалды. Арнайы жекпе-жектер арқылы және соңғы жарыстардың қорытындысы бойынша ұлттық құрама жасақталды. Енді ең бірінші болып Англияға Елдос Сайдалин баптайтын бұрымды боксшылар жолға шықты. Олар сол жердегі уақытқа және климатқа бейімделіп, жарыс алдындағы жаттығуды пысықтайды. Ал, әлем чемпионатының өзі 4-қыркүйекте басталады. Айта кетейік, Ливерпульдегі дүниежүзілік додаға қатысатындар тізімін Назым Қызайбай бастап тұр. 48 келіде өнер көрсететін команда капитаны бұған дейін үш рет әлем чемпионы атанып, отандық бокс үшін тарихи нәтиже тіркеп еді. Енді өз рекордын өзі жаңартуына жақсы мүмкіндік. Бұған қоса, 51 келіде Алуа Балқыбекова, 54 келіде Элина Базарова, 57 келіде Карина Ибрагимова, 60 келіде Виктория Графеева, 65 келіде Аида Әбікеева, 70 келіде Наталья Богданова, 75 келіде Надежда Рябец, 80 келіде Гүлсая Ержан, ал, аса ауыр салмақта Елдана Тәліпова шаршы алаңға шығады.
Қазақстан суперкубогы оралда өтеді
Суперкубок Оралда сарапқа салынады. Ертең футзалдан жылдың басты бәсекелерінің бірі Қазақстан Суперкубогы өтеді. Оның аясында соңғы маусымда ел үздігі атанған «Семей» және «Қайрат» командалары кездеседі. Көпшілік тағатсыздана күтіп жүрген матч «Жайық Аренада» болады. Қазірдің өзінде билеттер түгел сатылып кеткен. Қазір қос команданың ойыншылары Оралға жиналып, матч алдындағы дайындықты пысқытап жатыр. Артынша дәл осы Оралда және Талдықорғанда Қазақстан кубогының жаңа маусымы басталады. Бас-аяғы 16 команда топтық кезеңде өзара мықтыны анықтайды.